Бүгін Достық үйі ғимаратында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция мүшелерінің Шымкент қаласына сапары аясында маңызды кездесу өтті.
Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, қалалық мәслихат депутаттары Қайрат Имашев, Муфтулла Қонақбаев, қалалық Ассамблея төрағасының орынбасары Тахирбек Нышанбаев, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі Баян Жандосова, сондай-ақ зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Жиынды «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Заңғар Үсіпахметов ашып, елдегі саяси реформалардың стратегиялық маңызына тоқталды. Алғашқы сөз Сенат депутаты Айгүл Жарылқасынқызы Қапбароваға берілді.
« Бүгінгі өзгерістер – бұл жай ғана құқықтық түзетулер емес. Бұл – қоғамның жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне бағытталған тарихи мүмкіндік. Әділетті Қазақстан – әр азаматтың дауысы естілетін, заң үстемдігі нақты жұмыс істейтін мемлекет. Біз Конституциялық реформаларды тек құжат жүзінде емес, нақты өмірде іске асыруға тиіспіз. Сонда ғана Прогрессивті Қазақстан құру жолындағы қадамымыз нық болады», – деді Сенат депутаты.

Кездесу барысында өзгеде спикерлер сөз сөйлеп, реформалардың қоғамдық келісімді нығайтудағы, ұлт бірлігін сақтаудағы және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.
Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ортақ мақсат – Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды бірге құруға дайын екендіктерін білдірді.

