Шымкент қаласында тұрғындардың денсаулығын қорғау және медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында ауқымды және жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімдігінің басымдықтарының бірі – заманауи медициналық инфрақұрылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу және медициналық персоналдың кәсіби дайындығын күшейту арқылы халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және қала экономикасының тұрақты дамуына тікелей үлес қосу мақсатында жүзеге асырылып отыр. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің мәліметінше, денсаулық сақтау саласындағы ең басты жобалардың бірі – №1 қалалық клиникалық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары. 1971 жылы салынған бұл медициналық мекеме қазіргі таңда 26 674 шаршы метр аумақты қамтып, 530 төсек-орынға арналған заманауи клиникаға айналды. Күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылы басталып, мердігер ретінде «АртҚұрылыс» ЖШС тартылды. Жобаның жалпы құны 2,9 млрд теңгені құрап, ғимараттың барлық инженерлік жүйелері, электр желілері, су және жылу жүйелері, медициналық құрылғылар толық жаңартылды. Осы арқылы аурухана заманауи стандарттарға сай жабдықталып, тұрғындарға жоғары технологиялы және қауіпсіз медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Шымкент қаласында жаңа туған нәрестелерге арналған неонаталды хирургиялық көмек жүйелі жолға қойылған. Бұл жүйе жаңа туған балалардың өміріне төнген қауіпті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Мысалы, 2025 жылғы желтоқсанда қалалық перзентханада сирек кездесетін туа біткен ақау – сарыуыз өзегінің толық жабылмауы анықталған нәрестеге күрделі хирургиялық операция жасалып, бала аман қалды. Қазіргі күні дәрігерлердің тәулік бойғы бақылауында болған сәби анасының қасына шығарылған. Бүгінге дейін қалалық перзентхана, перинаталды орталық және балалар ауруханасы базасында 200-ге жуық жаңа туған нәрестеге күрделі хирургиялық операциялар жасалып, олардың өміріне төнген қауіп толық жойылды. Қаланың денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту тек медициналық мекемелерді жөндеумен шектелмейді. Жоғары технологиялы құрал-жабдықтар енгізіліп, медициналық кадрлардың кәсіби дайындығы арттырылуда, қызмет көрсету сапасы жақсартылуда. Бұл шаралар тұрғындардың ауруларға қарсы тұру қабілетін күшейтеді, қаланың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтады және халықтың әл-ауқатын арттыруға айтарлықтай үлес қосады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
