БАСТЫ МІНДЕТ – БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚ

Бұл туралы Шымкенттегі Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылым жетекшілерімен өткен жиында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтылған маңызды реформалар сөз болған жиында қала әкімінің орынбасары соңғы 30 жылда елдің берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын сақтау бағытында ҚХА тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталып, Ассамблея алдағы уақытта Президент айтқандай жаңадан құрылатын Қазақстанның Халық Кеңесі сапында әрекет ететінін жеткізді.

Ел дамуына қатысты қолға алынатын жаңа реформаларды қолдайтынын білдірген қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары бұл бастаманы жаңа белес ретінде қабылдап, ішкі татулық пен қоғамдық келісімді сақтау бағытын көздеген жоспарлы жұмыстар мақсатты жалғасатынын мәлімдеді.