ҚЫЗЫЛЖАР-2 ШАҒЫНАУДАНЫ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ТОЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ

Шымкент қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, жаңа шағынаудандарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және қаланың аумақтық даму стратегиясын іске асыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соңғы жылдары қала әкімдігі тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың өзекті мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөлуде. Биыл көктемде қала әкімінің Абай ауданы тұрғындарымен өткізген көшпелі кездесуінде Қызылжар-2 шағынауданының тұрғындары инженерлік инфрақұрылым мәселесін көтерді. Ұзақ жылдар бойы ауыз суға қол жеткізу, электрмен тұрақты қамтамасыз ету және табиғи газға қосылу мүмкіндігінің болмауы тұрғындардың тұрмысын қиындатқан еді. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша жобаны қысқа мерзімде іске асыру қолға алынды. Жоба аясында Алкап, Ордакент, Нұрлыкент, Сығанақ, Тереңөзек және Келкент көшелерін қамтитын инженерлік желілердің құрылысы 2024 жылдың сәуір айында басталды. Бірінші кезеңде ауыз су желілері, электр энергиясы желілері және табиғи газ құбырлары тартылып, тұрғындардың негізгі қажеттіліктері шешілді. Жобаның жүзеге асуының нәтижесінде 265 үй тұрақты ауыз су мен электр энергиясына қосылып, тұрғындарға табиғи газға қосылу мүмкіндігі берілді. Бұл жаңартылған инженерлік инфрақұрылым шағынауданның тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді. Қала әкімдігі мердігер ұйымның жұмысын жоғары бағалап, жобаны мерзімінде аяқтағаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, жобаның екінші кезеңі келесі жылы іске қосылуға жоспарланған. Бұл Қызылжар-2 шағынауданының қалған бөлігін қамтып, барлық тұрғындарды заманауи инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инженерлік желілердің толық жаңартылуы қала аумақтық даму жоспарына сәйкес тұрғындардың барлық қажеттілігін өтеп, шағынауданның одан әрі дамуына жағдай жасайды. Газға қосылу үшін тұрғындар техникалық шарттарды алу мақсатында egov мобильді қосымшасы немесе электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады. Бұл қызмет көрсету әдісі тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік беріп, әкімдік тарапынан ұсынылып отырған заманауи қызмет көрсету формасының үлгісі болып табылады. Қызылжар-2 шағынауданында жүзеге асырылған бұл жоба – Шымкент қаласының аумақтық даму стратегиясын іске асыру, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және қала ортасын ыңғайлы ету бағытында жасалған нақты және маңызды қадам. Жобаның толық іске асуы шағынаудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, өмір сапасын көтеруге және мегаполистің дамуына тікелей үлес қосады. Сонымен қатар, жаңа инженерлік инфрақұрылым қала тұрғындары үшін қауіпсіз және заманауи өмір ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді, бұл Шымкент қаласының тұрақты әрі тиімді дамуының маңызды көрсеткіші болып табылады.