Шымкент қаласының Қаратау ауданында экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындардың тұрмыс сапасын қорғау мақсатындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Аудан аумағындағы өндірістік кәсіпорындардың қызметіне мониторинг жүргізу, қоршаған ортаға әсерін бағалау және тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Соның айқын дәлелі – 192-орам, 638 мекенжайында орналасқан «СТ-Бетон» ЖШС өндіріс нысанына қатысты қабылданған маңызды шешім. Аталған кәсіпорын өз қызметін жер телімінің нысаналы мақсатына сай, яғни өндірістік бағытта атқарып келген. Алайда тұрғындар тарапынан кәсіпорын жұмысына байланысты бірқатар шағымдар тіркелген. Олардың негізгі мазасыздығы – өндіріс алаңының тұрғын үйлерге жақын орналасуы және оның экологиялық жағдайға тигізуі мүмкін ықпалға қатысты болды. Осы мәселені назардан тыс қалдырмаған Қаратау ауданы әкімдігі тұрғындардың пікірін ескеріп, тиісті жұмыстарды жедел түрде қолға алды. Тұрғындар тарапынан түскен шағымдар негізінде аудан әкімдігі мен құзырлы мемлекеттік органдар өндіріс нысанына кешенді тексеру жүргізді. Мониторинг нәтижесінде нақты заңбұзушылықтар анықталмағанымен, тұрғындардың алаңдаушылығы мен қауіпсіздік мәселелері бірінші кезекке қойылды. Бұл – әкімдіктің халықпен ашық диалог жүргізу, азаматтардың пікірін ескеру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жауапты ұстанымының көрінісі. Әкімдік пен «СТ-Бетон» ЖШС басшылығы арасындағы түсіндіру және келіссөздер нәтижесінде кәсіпорын басшылығы өндіріс нысанын ағымдағы жылдың соңына дейін басқа аумаққа көшіруге ресми түрде кепілхат тапсырды. Бұл шешім – тұрғындардың тілегіне құрмет көрсетіп, экологиялық тұрақтылықты сақтауға бағытталған маңызды қадам. Қазіргі уақытта зауытты көшіру жұмыстары басталып, өндірістік жабдықтарды тасымалдау және жаңа орынға орналастыру бойынша қажетті шаралар жүзеге асырылуда. Құзырлы органдардың бақылауы мен әкімдіктің қадағалауы аясында бұл процесс кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Жаңа орын экологиялық талаптарға сай таңдалып, өндіріс көлеміне лайықты инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады. Аудан әкімдігі бұл шешімнің аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсер ететінін атап өтті. Өндіріс нысанының көшірілуі – тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге, шағынауданның атмосфералық тазалығын сақтауға және жалпы санитарлық жағдайды жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, бұл қадам Қаратау ауданында өндіріс пен тұрғын үйлердің арақашықтығын реттеу, санитарлық нормаларды сақтау және индустриалды аймақтарды тиімді орналастыру саясатына сәйкес келеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
