ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА “ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ КҮЗГІ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ӨТТІ

Қаратау ауданы әкімдігі мен “Respublica” партиясының Шымкент қаласы аймақтық филиалы бірлесе отырып, “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында “Respublica Eco: Ертеңің үшін ағаш ек” атты ауқымды күзгі көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастырды. Бүгінгі таңда “Тұран-2” шағынауданындағы Қазтуған Жырау көшесінде барлығы 250 түп ағаш көшеті отырғызылды, бұл қала экологиясын жақсарту мен жасыл желекті көбейтуге бағытталған маңызды бастама болып отыр. Іс-шараның ашылуында тұрғындар ҚР Мемлекеттік Әнұранын шырқап, акцияны ерекше рухта бастап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау маңызын атап көрсетті. Қаратау ауданының әкімі өз сөзінде қала экологиясын жақсартудағы қоғам белсенділігінің рөліне тоқталып, тұрғындарды табиғатты қорғауға және жасыл аймақтарды көбейтуге бірлесе атсалысуға шақырды. Сонымен қатар, қалалық мәслихат депутаты Асқар Молдабеков пен Respublica партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының м.у.а. Ербол Меделханұлы да құттықтау сөз сөйлеп, көгалдандыру жұмысының мән-маңызы мен қоғамға тигізетін пайдасына ерекше назар аударды. Іс-шараға Respublica партиясы жанындағы Аймақтық кеңес өкілдері, ReWomen әйелдер қауымдастығының мүшелері, сондай-ақ 100-ден астам партия белсенділері қатысты. Белсенді тұрғындар, мәслихат депутаттары және аудан жастары бірігіп, көшет отырғызып, жасыл желекті көбейтуге өз үлесін қосты. Бұл әрекет тұрғындардың қоршаған ортаны қорғауға деген санасын арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Айта кетейік, Қазтуған Жырау көшесі бойында бұған дейін газон төселіп, автоматты суару жүйесі орнатылған. Бұл шара отырғызылған ағаштардың тез бейімделуіне, дұрыс суғарылуына және жаңа көшеттердің толыққанды өсуіне қолайлы жағдай жасайды. “Respublica Eco: Ертеңің үшін ағаш ек” акциясы — Қаратау ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болып табылады. Бұған дейін де аудандағы “Нұрсәт” тұрғын алабында, “Алтын Орда” және “Тассай” шағынаудандарында көгалдандыру іс-шаралары өткізілген, бұл — ауданның қоршаған ортаны қорғау саясатының нақты көрінісі. Аталған бастама тұрғындар мен қоғам ұйымдарының бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылып, Шымкенттің жасыл желегі мен экологиялық мәдениетін нығайтуға үлес қосуда. Болашақта да осындай экологиялық жобаларды кеңейту және тұрақты түрде жүзеге асыру жоспарлануда, бұл қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.