Шымкент қаласындағы Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейінде бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін арттыру болды. Ашық сабаққа мектеп оқушылары мен ұстаздар белсенді қатысып, өз өнерлерін, шығармашылық қабілеттерін және экологиялық көзқарастарын көрсетті. Мектеп ауласында өткізілген іс-шара барысында балалар гүл егіп, ағаш отырғызды, сондай-ақ өздері дайындаған көрмелер мен қолөнер бұйымдарын ұсынды. Бұл әрекеттер жас ұрпаққа табиғатты аялаудың, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын тәжірибелік түрде түсіндіруде. Мектеп директоры Жанар Саржанова оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мектепте өскелең ұрпаққа табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор болу қағидаларын ұғындыруға бағытталған түрлі жобалар мен іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. «Біздің оқушылар «Жер-Ана – біздің ортақ үйіміз, оны аялау әрқайсымыздың борышымыз» ұстанымымен түрлі экологиялық жобаларға атсалысады. Бүгінгі сынып сағаттарында балалар тақырып бойынша ой бөлісіп, өздерінің экологиялық көзқарастарын көрсетті. Сонымен қатар, мектеп ауласында гүл егу мен ағаш отырғызу сияқты игі істер де жүзеге асырылды», – дейді мектеп басшысы. Жанар Саржанова мектептің оқу процесіндегі жаңалықтар мен жетістіктері туралы да сөз қозғады. Қазіргі таңда №15 мектеп-лицейде 2556 оқушы білім алуда, ал өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 2900 оқушыны құраған. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді, оның ішінде бірінші ауысымда бастауыш сыныптар оқиды. Жалпы білім беру сапасын арттыру мақсатында 178 мұғалім еңбек етуде. Сонымен қатар, мектеп қосымша білім беру бағытында да белсенді жұмыстар атқаруда. Оқушылар түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып, өз қабілеттерін шыңдайды. Мысалы, «Қызғалдақ» би тобы қалалық және республикалық байқаулардан жүлделі орындар иеленген. Сондай-ақ, таэквондо үйірмесі де табысты жұмыс істеп, балалардың спорттық жетістіктерін арттыруда. Аталған ашық сабақ «Таза Қазақстан» акциясының негізгі бағыттарын насихаттаумен қатар, жас ұрпақтың бойында экологиялық жауапкершілік пен табиғатты қорғауға деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған нақты тәжірибелік жұмыс ретінде өткізілді. Бұл іс-шара мектептегі оқу процесін экологиялық мәдениетпен байытып, балаларға қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік берді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
