ШЫМКЕНТ: ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢАРТУ — ҚАЛА ДАМУЫНЫҢ АЙҚЫН ҚАДАМЫ

Шымкент қаласында биыл жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қаланың жалпы жол ұзындығы 3 847 шақырымды құрап, оның 3 567 шақырымы асфальт-бетон жамылғымен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш қаладағы көлік қозғалысының сапасын арттыру мен тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Қала аумағын дамытудың негізгі бағыттарына сәйкес жалпы ұзындығы 42,4 шақырымдық 19 ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомагистралін қайта құру, көлік ағымын жеңілдету үшін Алтынсарин, Қазиев, Ақсүмбе, Шұбаркөл, Алатау батыр–Абылайхан көшелері бойындағы балама жолдарды қосу жұмыстары бар. Сонымен қатар Момынов және Тіленшин көшелерінде теміржол өткелдері салынып жатыр. Биыл Жандосов көшесінің жалғасы, Асар–Шымсити шағынаудандарын қосатын жол және Қызылсай шағынауданына кіреберіс жолдар пайдалануға берілді. Бұл жолдар қала ішінде көлік қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың тұрғын үй аудандарымен байланысын жеңілдетеді. Сонымен қатар 201 шақырымдық 323 көшені орташа жөндеу аяқталып, 559,9 шақырым ішкі орам және шалғай аймақ көшелеріне асфальт төселді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 201 жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылып, 3 шақырым дыбысты жолақ сызылды, 80 шақырым тротуар салынды. Жыл соңына дейін 2 291 көшенің толық жарықтандырылуы жоспарланған. Бұған қоса, 85 бағдаршам ITS жүйесіне қосылып, 31 жаңа бағдаршам орнатылды. Атқарылған жұмыстар Шымкент қаласының заманауи, қауіпсіз және ыңғайлы мегаполис ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді. Қала әкімдігінің инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жүйелі жұмыстары тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттыруға, көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Шымкенттің ұзақ мерзімді даму жоспарларын жүзеге асыруға үлес қосып отыр.