Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарының белсенді студенттері арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған ашық диалог ұйымдастырылды. Кездесуге қалалық прокуратура аппаратының басшысы Шынар Қаршығақызы, Полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Бағлан Мырзабаев, қалалық прокуратураның басқарма прокуроры Әлжан Дінислам және 40-тан астам студент қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттыру, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру және қоғамдағы тәртіпті күшейту мәселелерін талқылау болды. Құқық қорғау органдары мамандары студенттерге азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениеттің маңызын түсіндіріп, қылмыстың алдын алу жолдары туралы кеңес берді. Спикерлердің айтуынша, қазіргі жастар құқықтық сауаттылыққа бет бұрғанымен, кейбір қылмыстық әрекеттер әлі де орын алып келеді. Мысалы, өткен аптада тергеу органдары 184 қылмыстық істі тіркеген, оның ішінде 6 іс сотқа жолданған. Ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар қатарында алаяқтық – 57 іс, ұрлық – 43 іс және есірткі айналымымен байланысты 10 іс бар. Алаяқтықтың басым бөлігі интернет арқылы жасалып, жалған инвестиция немесе банктік қызметкерлердің атын жамылған қоңыраулар арқылы жүзеге асады. Мысалы, «Л» есімді қала тұрғынына өзін медицина қызметкері ретінде таныстырған бейтаныс адам телефон шалып, «тексеріске жазылу» деген желеумен 1414-тен келген құпия кодты сұрап алып, 1,2 млн теңгесін жымқырған. Қазіргі таңда бұл іс тергелуде. Полиция өкілдері тұрғындарды құпия кодтарды ешкімге бермеуге шақырды. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің кіреберістерінде қалдырылған велосипедтер мен бала арбаларының ұрлығы да көбейген. Кездесу барысында прокурор Әлжан Дінислам жастардың құқықтық білімін арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталып, «ұрлық түбі – қорлық» екенін еске салды. Құқық қорғау органдары тұрғындарға жеке мүлікті қараусыз қалдырмауды, интернеттегі алаяқтыққа алданып қалмауды ескертіп, азаматтық жауапкершілікті арттырудың қажеттігін жеткізді. Бұл кездесулер жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенім мен ашық диалогты нығайтып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті дамытудың маңызды құралы болып отыр. Сонымен қатар, студенттер үшін мұндай шаралар заң мен тәртіп қағидаттарын түсінуге, құқықтық жауапкершілікті арттыруға және өз қауымдастығында белсенді азамат болуға үлкен мүмкіндік береді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
