ШЫМКЕНТТЕ ҚАНДАСТАРДЫ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙІП, ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ НӘТИЖЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту мақсатында қандастарды қабылдау, бейімдеу және еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы шаралар елге оралған азаматтардың жаңа ортаға тез бейімделуіне, тұрақты тұрмыс қалыптастыруына және қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасайды. 2025 жылғы 1 желтоқсанның көрсеткіші бойынша, Шымкент қаласында 464 отбасы немесе 1045 адам ресми түрде қандас мәртебесін алған. Сонымен қатар, 30 азаматтың мәртебесі заң талаптарына сәйкес тағы алты айға ұзартылды. Қалаға қоныс аударған қандастардың басым көпшілігі – Өзбекстаннан келген 1029 адам, ал Қытай мен Ресейден – 7 адамнан, Қырғызстан мен Шри-Ланкадан – 1 адамнан. Олардың көпшілігі құрылыс, сауда және қызмет көрсету салаларында еңбек етіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Қызмет көрсету жүйесін тиімді ұйымдастыру мақсатында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты екі мекеме қайта біріктірілді. Бұрынғы Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы мен №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы біріктіріліп, №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және қандастарды бейімдеу орталығы болып қайта құрылды. Бұл өзгеріс қызмет көрсету сапасын жақсартуға, қолдау шараларын бір терезе қағидаты бойынша ыңғайлы әрі жедел ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Қандастардың еңбек нарығына бейімделуіне де айрықша көңіл бөлінуде. Еңбек мобильділігі орталығына бүгінгі күнге дейін 30 қандас жүгініп, оның 22-сі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Бұл олардың тұрақты табыс табуына, отбасының әл-ауқатын жақсартуға және қала экономикасына араласуына әсер етеді. Шымкент қаласында қандастарды қолдау жұмыстары – халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау, қоғамдағы тең мүмкіндіктерді кеңейту және әр азаматтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Қаладағы жүйелі жұмыстар елге оралған азаматтардың өз тарихи отанында сенімді, қауіпсіз және әлеуметтік жағынан қорғалған түрде өмір сүруіне нақты жағдай жасап отыр.