Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және инфрақұрылымдық әлеуетті арттыру мақсатында энергетикалық жүйені жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала әкімінің төрағалығымен өткен аппарат отырысында қаланың энергетикалық инфрақұрылымын жетілдіру бойынша аралық қорытындылар, 2025 жылға арналған басым жобалар және әлеуметтік қорғау, цифрлық отбасы картасын іске асыру мәселелері талқыланды. Энергетика және инфрақұрылымдық дамыту басқармасының басшысы Рзабек Мендіқұловтың мәліметінше, 2025 жылы Шымкент қаласында электр энергиясын тұтыну көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 28%-ға өсіп, 450–500 МВт/с дейін жеткен, ал шарықтау кезеңдерінде бұл көрсеткіш 550 МВт/с дейін өседі. Бұл өсім қаланың экономикалық белсенділігінің артуына, жаңа өндірістік және тұрғын алаптардың дамуына байланысты қалыптасып отыр. Қаладағы тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында сегіз ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде «Ақжар» қосалқы станциясын іске қосу және өнеркәсіптік аймақтар мен дамып келе жатқан тұрғын алаптарға жаңа желі тарту жобалары бар. «Ақжар» қосалқы станциясы толық іске қосылған соң қаланың оңтүстік-батыс бөлігін тұрақты электрмен қамтамасыз етеді, бұл өңірдегі өндірістік кәсіпорындардың жұмысын күшейтеді және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырады. Сондай-ақ, 2026–2028 жылдар аралығында қалада сегіз жаңа қосалқы станция мен қуаттылығы 500 МВт газ-турбиналық қондырғыны жеке инвестициялар есебінен салу жоспарлануда. Бұл жобалар іске асқан соң Шымкенттегі электр энергиясы тапшылығы толық шешіліп, қала индустриалды және тұрғын алаптары үшін қажетті энергиямен тұрақты қамтамасыз етіледі. Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары Шымкенттің аумақтық даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Индустриалды аймақтар мен жаңа тұрғын алаптарды сапалы электрмен жабдықтау арқылы қаланың экономикалық өсімін қолдау, өнеркәсіптік өндірісті дамыту, инвестициялық тартымдылықты арттыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсаттары көзделген. Шымкент қаласындағы энергетикалық жобаларды жүзеге асыру қаланың тұрақты дамуына, инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтуға және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған стратегиялық қадам болып отыр.

