Шымкент қаласында Францияның Құрметті консулдығы ресми түрде ашылды. Бұл маңызды бастама Шымкент қаласының әкімдігі мен Францияның Қазақстандағы Елшілігі арасындағы 2025–2028 жылдарға арналған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Ынтымақтастық жөніндегі жол картасы аясында іске асырылуда. Жаңа консулдықтың ашылуы Франция мен Шымкент қаласы арасындағы дипломатиялық, экономикалық, мәдени және ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл тек экономикалық ынтымақтастыққа ғана емес, сондай-ақ өңірдегі білім беру және ғылыми салаларды дамытуға да серпін береді. Шымкент қаласындағы консулдық халықаралық деңгейде білім алмасу, тәжірибе бөлісу және инновациялық жобаларды іске асыру үшін платформа қызметін атқарады. Консулдық өз қызметін бірнеше бағытта жүзеге асырады. Олар: сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, Қазақстандағы Франция азаматтарының құқықтары мен мүддесін қорғауға қолдау көрсету, паспорттар мен визалар сияқты құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсету; француз тауарлары мен қызметтерін жергілікті нарықта ілгерілету; екі ел арасындағы экономикалық, ғылыми және сауда ынтымақтастығын дамыту; сондай-ақ, мәдени және білім беру іс-шараларын ұйымдастыруға атсалысу. Мұның бәрі Шымкент қаласының халықаралық білімдік, мәдени және экономикалық байланыстарын нығайтуға бағытталған нақты қадамдар болып табылады. Францияның Шымкент қаласындағы Құрметті консулдығының ашылуы өңірдің халықаралық серіктестікке ашық екенін айқын көрсетіп, қаланың жаһандық деңгейдегі беделін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама білімді ұлт құруға, жас ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер мен тәжірибе алмасу жолдарын ұсынуға, инновациялық және мәдени жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайды. Осылайша, Шымкент қаласында ашылған Францияның Құрметті консулдығы – халықаралық ынтымақтастық пен білім беру саласын дамытуға, мәдениетаралық байланыстарды нығайтуға және өңірдің дамуына елеулі үлес қосатын маңызды қадам болып отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
