ШЫМКЕНТТЕ «ТҮРІК ЭТНОСЫНЫҢ ТІЛІ МЕН МӘДЕНИЕТІ КҮНДЕРІ» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

🔹Шымкент қаласында «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Түрік этносының тілі мен мәдениеті күндері» атты мерекелік іс-шара өтті.

🔹Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, жастар және қала тұрғындары қатысты.

🔹Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Қазақстанда этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Қазақстан – татулық пен тұрақтылықтың, өзара құрмет пен келісімнің мекені. Әр этностың өз мәдениетін, тілін, ұлттық құндылықтарын дамытуы – еліміздің байлығы әрі ортақ жетістігі. Ахыска түріктері де елдің қоғамдық өміріне белсене араласып, бірлік пен келісімді нығайтуға өзіндік үлес қосып келеді. Осындай мәдени іс-шаралар халықтар арасындағы достықты одан әрі бекемдеп, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыра түседі. Баршаңызға амандық, ынтымақ пен береке тілеймін», – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

🔹Одан кейін сөз алған «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Латипша Асанов қатысушыларды мерекемен құттықтап, Қазақстандағы этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ахыска түріктерінің ұлттық мәдениеті мен ана тілін сақтап, келер ұрпаққа насихаттаудың мәніне ерекше назар аударды.

🔹Іс-шара барысында қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық достықты дамытуға және қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген бірқатар азаматқа алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.

🔹Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, Түркия Республикасынан келген оқушылар қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының қара сөздерін мәнерлеп оқып, көрермен ықыласына бөленді.