ШЫМКЕНТТЕ КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢАРЫП, ДАМУ ҚАРҚЫНЫ АРТУДА

Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алып, мегаполистің аумақтық дамуы мен көлік қолжетімділігін арттыруға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қаланың стратегиялық дамуына сай, жаңа жолдар салу, көлік магистралдарын кеңейту және негізгі бағыттарды қосымша артериялармен толықтыру – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, экономикалық белсенділікті күшейтуге және қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін басты міндеттердің бірі. Шымкенттің жаңа шағынаудандары қарқынды дамып жатқан тұста, жол инфрақұрылымын жаңарту – уақыт талабы. Тұран шағынауданындағы Ақсүмбе көшесін Мұстафа Шоқай көшесінен Қожаберген жырау көшесіне дейін ұзарту жобасы қаланың ішкі көлік ағындарын қайта бөлуге мүмкіндік береді. Бұл бағыт іске қосылғанда Бәйдібек би даңғылының жүктемесі айтарлықтай азайып, қаладағы қозғалыс қауіпсіздігі мен көлік жылдамдығы артады. Жаңа магистраль тек тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ауданның инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, жаңа құрылыстар мен бизнесті дамытуға негіз болады. Сонымен қатар, Шымкентті республиканың басқа өңірлерімен байланыстыратын маңызды жолдардың бірі – А-2 айналма тасжолы толық реконструкциядан өтуде. Бұл жоба бірнеше кезеңге бөлініп жүзеге асырылып жатыр және оның V кезеңіндегі құрылыс жұмыстары қала үшін ерекше маңызға ие. А-2 автожолы жүк көліктерінің қозғалысын оңтайландырып, транзиттік әлеуетті арттырады. Жаңғыртылған жол инфрақұрылымы логистиканың дамуына серпін беріп, Шымкенттің өңірлік көлік хабына айналуына мүмкіндік береді. Жол инфрақұрылымы – қала дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Инженерлік желілердің сапалы жүргізілуі, жолдардың кеңейтілуі, қауіпсіз жаяу жүргінші аймақтарының жасалуы – қалалық инфрақұрылымның дамуына тікелей әсер етеді. Бұл өз кезегінде қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтып, тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсартады. Шымкентте қолға алынған жол құрылыс жобалары – мегаполистің болашақ дамуының нақты көрсеткіші. Бірнеше жылдан кейін қалада көлік қозғалысы әлдеқайда ыңғайлы, жүктемесі аз және қауіпсіз болады. Жаңғырған жолдар экономикалық белсенділік артып, өндіріс пен қызмет көрсету саласының дамуына да оң ықпал етпек. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар – Шымкенттің заманауи, инфрақұрылымы дамыған, тұрғындар үшін қолайлы қала ретінде қалыптасуына жасалған стратегиялық қадам.