ШЫМКЕНТТЕ КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРДЫ ТАНУ МҮМКІНДІГІНЕ ИЕ БОЛДЫ

Шымкент қаласында биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жастардың өндірістік салаға қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі – инновациялық-технологиялық колледж студенттерінің әлеуетті кәсіпорындардың жұмыс үдерісімен танысуына арналған арнайы «Дублер күні» шарасы. Бұл жолы студенттер Оңтүстік өңіріндегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Стандарт Цемент» ЖШС-ға барып, зауыттың негізгі бөлімшелерінде тәжірибелі инженерлер мен технологтардың жұмысымен танысты. Олар цемент өндірудің заманауи технологиялары, орталық басқару жүйесінің жұмыс ерекшеліктері, өндірістегі қауіпсіздік талаптары туралы толық ақпарат алды. Мекеменің бас технологы Асылжан Қыдырәлиев студенттерге өндіріс процестерінің ұйымдастырылуы мен сапаны бақылаудың маңыздылығын түсіндіріп, зауыттағы жұмыс барысын егжей-тегжейлі көрсетті. Студенттер цех басшылары, механиктер, зертхана қызметкерлері және сапаны бақылау мамандарының күнделікті жұмысына дублер ретінде қатысып, қарапайым өндірістік міндеттерді өздері орындады. Инновациялық-технологиялық колледждің арнайы пән оқытушысы Серікбек Есмұрзаев мұндай іс-шаралардың жастардың кәсіби бағдарын айқындауда, техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруда үлкен рөл атқаратынын атап өтті. «Дублер күні» колледждің «Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» және «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандықтарының студенттері мен инженерлік-техникалық бағыттарға қызығушылық танытқан мектеп оқушылары үшін ерекше тәжірибе болды. Бұл бастама жастарға өндірістік салада нақты тәжірибе жинауға, болашақ мамандық таңдауда нақты бағдар алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өткізілген іс-шаралар өндіріс пен білім саласын жақындастырып, жастардың еңбек нарығына дайын болуына септігін тигізеді. Студенттер кәсіпорынның жұмыс процесін өз көздерімен көріп, өндірістік ортадағы заманауи технологиялармен танысу арқылы кәсіби дағдыларын жетілдіруде және болашақта өз мамандығы бойынша сенімді қадам жасауға мүмкіндік алды.