Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жылдан жылға қарқын алып келеді. Қала аумағында соңғы жылдары жүзеге асып жатқан ең маңызды жобалардың бірі – елдімекендерді табиғи газбен қамту. Бұл тек тұрмыстық қолайлылықты арттыру ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік пен энергия тиімділігін қамтамасыз ететін стратегиялық бастама. Ұзақ уақыт бойы инженерлік инфрақұрылым жеткіліксіз болып келген шағынаудандардың мәселелері біртіндеп шешімін табуда. Солардың бірі – Достық шағынауданының (3-кезек, Үшбұрыш) 2016 жылдан бері шешілмей келген газ мәселесі. Тұрғындар тарапынан түскен көптеген өтініштер мен Абай ауданы әкімдігінің ұсынысы негізінде 2023 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 2024 жылдың шілде айында мердігер «Global-GH» ЖШС құрылыс жұмыстарын бастап, бүгінде жобаның орындалуы 95 пайызға жетті. Ағымдағы жылдың наурыз айында толық аяқталатын бұл жоба нәтижесінде 320 абонент немесе шамамен 1600 тұрғын көгілдір отынға қосылмақ. 2024 жылы қаладағы газ инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары Қайнарбұлақ (1–2 кезең), Ынтымақ-2, Бозарық (1–3 кезең), Еламан, Қаратөбе, Тәуелсіздікке 20 жыл және Қайтпас-1 тұрғын алаптарында белсенді жүргізілді. Нәтижесінде 90 мыңнан астам тұрғын табиғи газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Бұл – бірнеше жылдан бері өзекті болып келген мәселенің нақты шешім табуының айқын көрінісі. Алдағы уақытта да қала аумағын газдандыру жұмыстары бірізді жалғасады. 2025 жылға қарай Қарабастау (1288 абонент), Жұлдыз–Жалын (1378 абонент), сондай-ақ Қайтпас-1 мен Тұран шағынаудандары арасындағы 242 абонент табиғи газбен қамтылады. Бұл жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде келесі жылы жалпы 3 228 абонент көгілдір отынға қосылып, ондаған мың тұрғынның өмір сапасы айтарлықтай жақсарады. Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан газдандыру – қаланың аумақтық даму жоспарының маңызды бөлігі. Бұл бастама тұрғындарға жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді. Инженерлік инфрақұрылымның кеңейтілуі жаңа тұрғын аудандарын игеруге, қалалық ортаны жақсартуға және жалпы тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
