ТҰРАН АУДАНЫНДА БАЛАЛАР МЕН ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН АЛАҢШАЛАР ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРІП ЖАТЫР

Шымкент қаласының қазіргі даму қарқыны – тек экономикалық немесе өнеркәсіптік көрсеткіштермен ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын арттыратын әлеуметтік инфрақұрылыммен де айқындалады. Қала тұрғындары үшін қолайлы, қауіпсіз және заманауи орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бірі – Тұран ауданындағы балалар және спорт алаңшаларының құрылысы. Қоғамдық-саяси тұрғыдан алғанда, мұндай жобалардың жүзеге асуы – қала әкімдігінің әлеуметтік жауапкершілігінің, тұрғындармен кері байланыстың күшеюінің және қоғамның салауатты өмір салтына бет бұруының көрінісі. Бүгінгі таңда аудан аумағын аралау барысында пайдалануға берілген нысандар мен құрылыс жұмыстары жалғасып жатқан алаңшалар арнайы тексерілді.

Бүгінде Тұран ауданында 17 жоба толығымен аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді. Бұл – жүздеген баланың қауіпсіз алаңда ойнауына, жастардың спортпен жүйелі айналысуына, ал отбасылардың аулада тиімді уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам. Сонымен қатар, 15 нысанда құрылыс қарқынды жүргізіліп, аула инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жоспарлы түрде орындалуда. Жобалар аясында ойын алаңдарына балалардың жас ерекшеліктеріне сай ойын элементтері орнатылып, спорт алаңшалары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Әрбір нысанда қауіпсіздік талаптарының сақталуы – басым бағыт. Бұл – тек құрылыс емес, қоғамдағы дене белсенділігін арттыруға, ұрпақтың денсаулығын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастама. Алаңшалар тек балаларға ғана емес, барлық жастағы тұрғындарға арналған көпфункционалды демалыс кеңістігіне айналуда. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының бір-бірімен қарым-қатынасының артуына, аула мәдениетінің қалыптасуына және қоғамның бірлігі мен ынтымағын нығайтуға ықпал етеді. Шымкент қаласының орта сапасын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Тұран ауданында қолға алынған жобалар – қала дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқанын дәлелдейтін, тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама.