Шымкент қаласының дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру – қала билігінің басты басымдықтарының бірі. Президенттің мегаполистің инфрақұрылымын жақсарту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында, қала әкімдігі Тұран шағынауданындағы жол қозғалысы инфрақұрылымын толық жаңарту жұмыстарын жүргізді. Осы бағыттағы маңызды қадам ретінде шағынауданның бірнеше көшелерінде жол таңбалары сызылып, жол белгілері мен бағдаршамдар орнатылды. Бұған дейін тұрғындар тарапынан жол қауіпсіздігіне қатысты шағымдар жиі түсіп, кейбір көшелерде көлік қозғалысын реттейтін инфрақұрылым жеткіліксіздігі мәселесі көтерілген болатын. Қала әкімдігі бұл мәселені ерекше бақылауға алып, нақты іс-қимылға көшті. Қазіргі таңда Тұран шағынауданындағы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгеріміне өткен 8 көшеге толық кешенді жұмыстар жүргізіліп, жол қозғалысын қауіпсіз және тиімді ұйымдастыру қамтамасыз етілді. Бұл – тұрғындар үшін жайлы ортаны қалыптастыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған нақты шара. Айта кетерлік жайт, өткен жылы шағынаудандағы 20 көшеге бағдаршамдар орнатылған болса, биылғы жылы тағы 8 қиылысқа заманауи бағдаршамдар қойылды. Бағдаршамдар мына көшелердің қиылыстарында орналастырылды: №1 – №9 көше қиылысы, №10 – №9 көше қиылысы, №10 – №4 көше қиылысы, №11 – №13 көше қиылысы, №11 – №12 көше қиылысы, №12 – №13 көше қиылысы. Орнатылған бағдаршамдар мен жол белгілері автокөлік пен қоғамдық көліктің қозғалысын реттеп қана қоймай, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, әсіресе балалар мен қарт тұрғындардың жолдан өтуін жеңілдетеді. Сонымен қатар, жарықтандыру және жол таңбалары көшелерді эстетикалық тұрғыдан жақсартып, қала көркін арттыруға да ықпал етеді. Қалалық билік атқарған жұмыстар арқылы Тұран шағынауданы 100 пайыз жол қауіпсіздігімен қамтамасыз етілген аймаққа айналды. Бұл – тек инфрақұрылымды жаңарту емес, тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдету, жол-көлік оқиғаларын азайту, қоғамдық сенімділікті нығайтуға бағытталған стратегиялық маңызды қадам. Президент тапсырмасы аясында жүзеге асырылған бұл жоба – Шымкенттің қоғамдық-саяси дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты іс-шаралардың бірі болып табылады. Қалалық әкімдік алдағы уақытта да тұрғындардың ұсыныстары мен қала даму стратегиясын басшылыққа ала отырып, жол инфрақұрылымын әрі қарай жаңартуды, жол қозғалысын реттеуді және қауіпсіздік шараларын жүйелі түрде жетілдіруді жалғастыра береді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
