ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТАПСЫРМАСЫ: ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҮШ ЗАМАНАУИ ЛАГЕРЬ САЛЫНАДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті берген тапсырмалар аясында Шымкент қаласы балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз, сапалы және мазмұнды демалысын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Осы стратегиялық міндеттің бір бөлігі ретінде қаланың аумағында үш заманауи демалыс және сауықтыру лагері салу жоспары бекітілген. Жобаның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық, спорттық, танымдық және ұлттық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру. Бүгін жобаның алғашқы кезеңі бойынша арнайы жұмыс тобы Маятастағы жер телімдерін қарады. Таңдалған аумақ табиғаты көркем, экологиялық таза және балалардың тынығуына, түрлі бағытта дамуына қолайлы әлеуетке ие. Мамандар жердің инфрақұрылымға қосылу мүмкіндігі, техникалық талаптарға сәйкестігі мен қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін жан-жақты зерттеді. Жұмыс тобы құрамында Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы, Жер қатынастары, Құрылыс, Энергетика және инфрақұрылымдық даму, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының жауапты тұлғалары болды. Олар лагерьлердің экологиялық стандарттарға сай, қауіпсіз және тиімді орналасуы үшін барлық қажетті талаптарды қарастырды. Жаңа құрылыс жобалары экологиялық таза, қауіпсіз және қысқа мерзімде пайдалануға берілетін технологиялық шешімдермен ерекшеленеді. Лагерьлерде балалардың дене дамуы мен әлеуметтік өзара әрекеттесуіне арналған спорттық және шығармашылық алаңдар, сондай-ақ танымдық және мәдени бағдарламалар үшін арнайы бөлмелер қарастырылған. Бұл олардың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерінің ашылуына және демалыс сапасының артуына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба тұжырымдамасы мен техникалық-сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр. Бұл бастама Шымкенттің әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыт болып саналады, өйткені балалар мен жасөспірімдердің сапалы демалысына арналған инфрақұрылым қаланың тұрақты дамуына, тұрғындардың әл-ауқатының артуына және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің күшеюіне үлес қосады. Қала әкімдігі мен тиісті басқармалар әрбір баланың қауіпсіз және жайлы демалуын басты назарда ұстап отыр. Жобаның іске асуы Шымкент қаласының әлеуметтік дамуын арттырып, жас ұрпаққа қамқорлық көрсетудің нақты көрінісі болып табылады және Президент тапсырмаларын тиімді орындаудың нақты мысалы болып есептеледі.