АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРАТУРАСЫ ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТУДЕ

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғам қауіпсіздігі мен болашақ ұрпақтың дұрыс қалыптасуы үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Абай ауданының прокуратурасы жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіп, білім беру ұйымдарымен өзара ынтымақтастықты күшейтуде. Әлеуметтік, құқықтық және тәрбиелік шаралардың нәтижелі болуын қамтамасыз ету мақсатында прокуратура №140 жалпы орта білім беру мектебімен арнайы меморандумға қол қойды. Бұл құжат аясында оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және кәсіби бағдар беру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Құжат шеңберінде оқушыларға заң талаптары түсіндіріліп, олардың жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған түрлі кездесулер, тәрбие сағаттары мен тренингтер өткізіледі. Мұндай жұмыстар балалардың мінез-құлқын тәрбиелеуге, өз әрекетіне есеп бере білуге, қоғамдық нормаларды құрметтеуге үйретеді. Құқықтық мәдениеті жоғары өскелең ұрпақ – қоғам тұрақтылығының кепілі екенін ескерген прокуратура ата-аналармен, мұғалімдермен және жергілікті мекемелермен бірлескен кең көлемді жұмыстарды жалғастыруда. Аталған меморандум аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі – мектепте өткен «Мамандықтар жәрмеңкесі». Оған қаланың орта және жоғары оқу орындары қатысып, оқушыларға өз мамандықтары мен білім беру бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат берді. Мамандықты дұрыс таңдау – жасөспірімнің болашаққа деген сенімін қалыптастыруға, оның өмірлік мақсатын анықтауға және қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан мұндай жәрмеңкелер балалардың қызығушылығын оятып, болашаққа деген дұрыс бағдар береді. Абай ауданының прокуратурасы жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың жасөспірімдер құқық бұзушылығының алдын алуға нақты пайдасы бар деп санайды. Оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді пайдалану, олардың құқықтық білімін арттыру және кәсіби бағыт беру – балалардың өз жолын анықтап, қоғамда жауапкершілігі жоғары тұлға болуына ықпал етеді. Бүгінде құқықтық сауатты ұрпақ тәрбиелеу – жалпы қоғамның ортақ міндеті. Прокуратура бастамасымен қолға алынған бұл жұмыстар жасөспірімдер арасындағы кері әрекеттердің алдын алуға, олардың саналы да тәртіпті азамат ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді.