Созақ ауданына қарасты Қарақұр ауылында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік-инфрақұрылымдық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Биыл ауылдың негізгі ішкі автомобиль жолдары толықтай асфальтпен қамтылды. Атап айтқанда, 20,3 шақырымдық ішкі жолдардың 6,3 шақырымы биыл асфальтталып, бүгінде барлық негізгі көшелердің сапасы жақсарып, тұрғындардың қауіпсіз және қолайлы қатынас жағдайы қамтамасыз етілді.
Бұл жетістіктер аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің Қарақұр ауылдық округі тұрғындарымен өткен кездесуінде айтылды. Жиында округ әкімі Ғалым Бимендиев ауылдық округтегі атқарылған жұмыстар туралы толық баяндама жасап, биылғы жылдың негізгі жетістіктеріне тоқталды. Аудан басшысы тұрғындарға аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен стратегиялық жоспарларды таныстырып, алдағы кезеңде жүргізілетін іс-шаралар бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жиында тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, жеке мәселелері бойынша да өтініш білдірді. Аудан басшысы әрбір өтінішке жеке мән беріп, нақты шешімдер қабылдау үшін жауаптыларға тапсырмалар жүктеді. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шешім қабылдаудың тиімді үлгісі болып отыр.
Ауылдағы жол инфрақұрылымының жаңаруы тек асфальт төсеумен шектелмеді. Қарақұр ауылындағы көшелерге жол белгілері мен жол кедергілері орнатылып, қозғалыс қауіпсіздігі күшейтілді. Түнгі жарықтандыру жүйесі жаңартылып, ауыл көшелері толықтай жарықпен қамтылды. Сонымен қатар, орталық көшелердегі жарық бағаналары безендіріліп, көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Созақ–Бақырлы бағытындағы жол бойына «Қарақұр – құт мекенім» деген жазуы бар тақтайша орнатылып, ауылдың эстетикалық келбеті де жақсартылды.
Қарақұр ауылында балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған әлеуметтік инфрақұрылым да дамытылуда. Наурыз көшесінде балалар ойын және шағын футбол алаңшаларының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Шаға елді мекенінің орталығында да балалар ойын алаңшасы салынып, тұрғындар үшін заманауи демалыс және спорт аймақтары жасалуда.
Аталған жұмыстар Қарақұр ауылында өмір сүру сапасын арттыруға, қауіпсіздік деңгейін көтеруге және әлеуметтік-инфрақұрылымды дамытуға бағытталған стратегиялық қадамдар болып табылады. Жолдар мен коммуналдық нысандардың жаңартылуы ауылдың экономикалық дамуына, жергілікті кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығына қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Сонымен қатар, балалар мен жастарға арналған инфрақұрылымның дамуы өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп, келешекте сапалы адам капиталын қалыптастыруға септігін тигізеді.
Қарақұр ауылындағы жүргізілген ауқымды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар Түркістан облысының дамуы мен елді мекендердің тіршілік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты стратегиялық бастамалардың айқын көрінісі болып отыр.
