ҚАЗЫҒҰРТТА АСТЫҚ ӨНІМДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Қазығұрт ауданы ауыл шаруашылығы саласында жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келеді. Биылғы егін маусымында «Үшбастау» өндірістік кооперативі егіс алқабынан әр гектардан 25 центнер астық алуды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, биылғы өнім көлемі аудан бойынша орташа деңгейден жоғары болады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш – шаруалардың еңбегі мен ауылдағы егіншілік мәдениетінің жылдан-жылға артып келе жатқанын дәлелдейді.

Қазығұрт өңірі табиғи-климаттық жағдайы мен жер құнарлылығы тұрғысынан аграрлық бағытты дамытуға қолайлы аймақ саналады. Ауыл шаруашылығына арналған жалпы жер көлемі 275,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 100,9 мың гектары егістік алқап болса, 133,6 мың гектары жайылымдық, 30,9 мың гектары шабындық, ал 13,5 мың гектары суармалы жерлер. Мұндай кең алқаптар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтуға және жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Биыл аудан бойынша 100,9 мың гектар егістік жердің 94 мың гектары тиімді игерілген. Егіс алқаптарында дәстүрлі дақылдармен қатар, экспорттық әлеуеті бар ауыл шаруашылығы өнімдері де өсірілуде. Оның ішінде 43,9 мың гектарға бидай, 6,4 мың гектарға арпа, 8 025 гектарға майлы дақыл саналатын мақсары, 33,6 мың гектарға жоңышқа егілген. Сонымен бірге, жүгері, көкөніс, бақша өнімдері және басқа да дақылдар да егіс көлемінің бір бөлігін қамтиды.

Шаруалар өнім сапасын арттыру мақсатында жаңа технологиялар мен тыңайтқыш түрлерін тиімді қолданып, заманауи техникаларды пайдалануда. Соңғы жылдары су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп, суармалы алқаптарда тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері қолданылып келеді. Бұл тәсіл топырақтың ылғалын сақтап, өнім сапасын арттыруға септігін тигізуде.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы мұндай жүйелі еңбегі мен жаңашыл көзқарасы өңір экономикасына айтарлықтай үлес қосып отыр. Шаруалар егістікті тиімді игеріп қана қоймай, экологиялық таза әрі сапалы өнім өндіруді басты мақсат етіп қойған. Қазығұрттың еңбекқор диқандары мен шаруаларының табанды еңбегі арқасында жыл сайын астықтың түсімі артып, ел ырысы еселеніп келеді.