Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен өнім сапасын арттыру – ұлттық экономиканың маңызды басымдықтарының бірі. Осы бағытта Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы жылыжай шаруашылықтары ел нарығына сапалы әрі экологиялық таза өнім ұсыну арқылы отандық өндірістің өркендеуіне өз үлесін қосуда.
Тұрбат ауылдық округіндегі ірі жылыжай кешені – өңірдің аграрлық әлеуетін айқындайтын табысты жобалардың бірі. Жалпы көлемі 4 гектар болатын жылыжайдың 1 гектары көшет өндіруге, ал 3 гектары көкөніс өсіруге арналған. Заманауи технологиялармен жабдықталған нысанда бір маусымда орта есеппен 600 тонна өнім алынады. Оның ішінде 360 тоннасы – қызанақ, 240 тоннасы – қияр. Сонымен қатар, жыл сайын 5 миллион данаға дейін көкөніс көшеттері өсіріліп, еліміздің әр өңіріне жөнелтіледі.
Бұл көрсеткіштер – Қазақстанда аграрлық өндірістің сапалы әрі тиімді жолмен дами бастағанының нақты дәлелі. Өнім сапасын арттыру үшін шаруашылық жаңа жылыжай технологияларын енгізіп, автоматтандырылған суару мен климаттық бақылау жүйесін қолданады. Мұның бәрі көкөністердің экологиялық тазалығын сақтап, жоғары өнім алуға мүмкіндік береді.
Шаруашылықта бүгінде 32 тұрақты қызметкер және маусымдық кезеңде 80-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы 100 мың теңге шамасында. Бұл – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мен ауыл экономикасын жандандырудың нақты көрінісі.
Қазығұрттағы мұндай үлгілі нысандар – елімізде сапалы отандық өнім өндіру ісін дамытудың жарқын мысалы. Қазақстанның агросекторын өркендету, импортқа тәуелділікті азайту және жергілікті өнімнің сапасын арттыру – дәл осындай шаруашылықтардың жүйелі еңбегінің арқасында жүзеге асуда.
Бүгінде қазығұрттық өнім ішкі нарықта сұранысқа ие болып қана қоймай, тұтынушы сенімін де нығайтып келеді. Бұл – сапалы еңбек пен жаңа технологияның үйлесімінен туған табыс.
