ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІЛІМ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Қазығұрт ауданының әлеуметтік және инвестициялық дамуы аясында білім беру саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Соның бірі — Шарбұлақ ауыл округінде бой көтеріп жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылысы. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс сапары барысында нысандағы құрылыс барысымен танысып, мердігер мекемеге сапа мен қауіпсіздік талаптарын сақтау, материалдардың стандартқа сәйкестігін қадағалау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Жаңа мектеп заманауи стандарттарға сай салынып, оқушылардың сапалы білім алуына, ұстаздардың тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалмақ. Мұнда кең, жарық сыныптар, пәндік кабинеттер, спорт және акт залдары, кітапхана мен асхана қарастырылған.Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, нысан белгіленген мерзімде толық аяқталып, жаңа оқу жылында ауыл балалары үшін есігін айқара ашпақ. Бұл жоба – Қазығұрт ауданындағы білім беру инфрақұрылымын жаңғырту мен инвестициялық дамудың айқын көрінісі. Мектеп құрылысына бағытталған қаржы – тек ғимарат емес, болашаққа жасалған инвестиция. Себебі сапалы білім алған ұрпақ – елдің ертеңгі экономикалық және рухани әлеуетінің кепілі. Жаңа мектептің ашылуы ауыл жастарының қалаға қатынамай-ақ білім алу мүмкіндігін арттырып, аймақтық теңгерімді дамытуға, ауылдық өңірлердің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға үлес қоспақ. Шарбұлақ ауылындағы 300 орындық жаңа мектеп – Қазығұрт ауданының әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне серпін беретін, жас ұрпақтың білім мен тәрбие алуы үшін маңызды инвестициялық жоба.