Шымкент қаласының аумақтық даму жоспары мен экономикалық саясаты аясында қалалық көлік инфрақұрылымын дамыту және жол-көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен қала әкімдігінің стратегиялық жоспарына сәйкес, қоғамдық көлікті дамыту, интеллектуалды көлік жүйесін енгізу және жолаушыларға сапалы қызмет көрсету – басты басымдықтардың бірі болып отыр. Асар-2 шағынауданында жүргізіліп жатқан жол құрылысымен танысу барысында тұрғындар үшін көлік қозғалысының қолайлы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өттім. Жол инфрақұрылымын жаңғырту жол-көлік кептелісін азайтып, қала көшелерінде қозғалысты жеңілдетуге ықпал етеді. Сонымен қатар, қоғамдық көліктегі электронды төлем және диспетчерлеу жүйесін басқарушы «Avtobys» компаниясының жұмысымен таныстым. Жүйе автобустардың желіге шығуынан бастап, соңғы рейске дейінгі қозғалысын тәулік бойы бақылап, жолақы төлеміне толық бақылау жүргізеді. Қоғамдық көліктің сапасын арттыру және жолаушылар мәдениетін көтеру мақсатында мамандар санын көбейту және түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет екені айтылды. Бұдан бөлек, «Көлік басқару орталығы» дағдылары мен жұмысы қаралды. Орталық мамандары барлық бағдаршамдарды онлайн режимінде бақылап, көлік қозғалысын оңтайландырумен айналысады. Қалада орнатылған 390 бағдаршам нысанының 331-і интеллектуалды көлік жүйесіне (ITS) қосылып, көлік кептелісін айтарлықтай азайтты. Бұл жүйенің арқасында жол қозғалысы уақыты қысқарып, тұрғындар үшін көлік қатынасы ыңғайлы және қауіпсіз болды. Аралау барысында әуежайдың жаңа терминалы маңындағы абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары да қаралды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бақылауды күшейту, анықталған кемшіліктерді жою және жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді. Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жол құрылысы мен қоғамдық көлікті цифрлық жүйелер арқылы басқару жобалары – қала аумақтық даму жоспарының негізгі құрамдас бөлігі. Олар көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге, жол қозғалысының қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын арттыруға, қаланың тұрақты дамуы мен экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған стратегиялық бастамалар қатарында. Мұндай жобалар мегаполисті заманауи, ыңғайлы және инвестициялық тартымдылығы жоғары қалаға айналдыруға мүмкіндік береді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
