ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК ЖАҢАРЫП, БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Шымкент қаласында тұрғын үй қатынастары саласында жаңа реформалар енгізіліп, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктері цифрлық форматқа көшірілуде. Бұл шаралар Қазақстан Республикасының Президенті берген тапсырмалар аясында жүзеге асырылып, тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін арттыруға, тұрғын үй қорын тиімді басқаруға және қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылғы мамыр айынан бастап кез-келген кәмелетке толған азамат «Orken.otbasybank.kz» сайты арқылы тұрғын үй алу тізіміне тіркелу мүмкіндігіне ие болды. Жүйе автоматтандырылған түрде «Отбасы Банкі» АҚ арқылы тіркеуді жүргізіп, тұрғын үйді жалға беру немесе несиеге алу үшін мемлекеттік қолдауды бөледі. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрғын үй алу тізімінде 83 599 азамат тіркелген, бұл – қаладағы тұрғындардың тұрғын үйге деген сұранысының жоғары екенін көрсетеді. Жалдамалы тұрғын үйлер бойынша да жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы 379 отбасыға, сондай-ақ 2024 жылдан өтпелі 165 отбасыға тұрғын үйлерді бөлу жоспарланған. Тұрғын үй басқармасы бөлінген үйлерге жалдау шарттарын рәсімдеп, олардың орындалуын қадағалайды. Жалдау шарттарының негізгі екі талабы – тұрғынжайды мақсатына сай пайдалану және уақытылы төлем жасау. Жыл басынан бері 30 көпқабатты тұрғын үйдегі 1 800-ден аса пәтер тексеріліп, 51 азаматқа ескерту беріліп, жағдай қалпына келтірілді. Сонымен қатар, жалдау ақысы бойынша 1 585 азаматқа сотқа дейінгі хабарлама жіберіліп, нәтижесінде 30 қараша жағдайы бойынша арендалық төлемнен 1,22 млн теңге түскен. Тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігі де белсенді іске асырылуда. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 30 сәуірдегі №152 бұйрығына сәйкес, субсидия алуға үміткер ретінде тұрғын үй алу кезегінде тіркелген жетім балалар, көпбалалы отбасылар, 1–2 топ мүгедектігі бар азаматтар және мүгедек бала тәрбиелейтін отбасылар өтінім бере алады. Шарт – отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселенген шамасынан аспауы тиіс. Қазіргі таңда 3 146 субсидия алушының 2 269-ы тексерілді, олардың ішінде 1 242 азаматпен субсидияны мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, жалдау шарты тоқтатылды. Жергілікті бюджеттен тұрғын үй субсидиясына 664,0 млн теңге бөлінген, оның 540,0 млн теңгесі төленді. Мониторинг жұмыстары әлі жалғасуда. Осы жүйелі шаралардың нәтижесінде Шымкент қаласында тұрғын үйге қолжетімділік айтарлықтай артты. Цифрлық форматқа көшу, жалдау шарттарын қатаң бақылау және субсидиялау механизмін жетілдіру қала тұрғындарының әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді, тұрғын үй саясатын тиімді басқаруға жол ашады. Бұл – Президент тапсырмалары аясында қала дамуына қосылған нақты үлес болып, Шымкентті заманауи, тұрғындарға қолайлы қалалық ортаға айналдыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.