ШЫМКЕНТТЕ СЛАВЯН ЖАЗУЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МӘДЕНИ КЕШ ӨТТІ

Бүгін Шымкент қаласындағы Достық үйінде славян жазуы мен мәдениеті күніне орай рухани үндестік пен өнер құдіретін арқау еткен мәдени кеш өтті.

Кеш қонақтарына Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласынан арнайы келген Мариин театрының солистері мен әйгілі «Бис-Квит» оркестрі өнер көрсетті. Бағдарлама аясында әлемдік және орыс классикалық музыкасының жауһар туындылары орындалып, көрермен қауымға жоғары деңгейдегі әсерлі өнер кеші тарту етілді. Сахна төрінде әуелеген әсем әуен мен сырлы саз көрермен көңіліне рухани шуақ сыйлап, мәдениеттің мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте айшықтады.

Іс-шара барысында Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Заңғарбек Нышанбекұлы Үсіпахметов пен қалалық ҚХА жанындағы славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Наталья Сергеевна Романова сөз сөйлеп, мәдени іс-шараның маңызына тоқталды. Олар этносаралық татулықты нығайтудағы мәдениеттің рөліне ерекше назар аударып, этностар арасындағы рухани байланыстың маңызын атап өтті.

Тағылымды кеш этностар арасындағы достық пен өзара құрметті нығайтып, мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына серпін берді. Өнер арқылы өрілген рухани сабақтастық — этностар арасындағы татулық пен ынтымақтың берік діңгегі екені анық.