Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің АБҚО әлеуметтік жобасы аясында «Оңтүстік өңірлерде тілге қатысты және этностық белгілері бойынша ар-намысқа тию мен қорлаудың кез келген түрлеріне жол бермеу» тақырыбындағы іс-шаралар кешені өтті.
Іс-шараны «ҚХА «Шаңырақ» кафедралары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Кездесу Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде өтіп, оған этномәдени бірлестіктердің, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студент жастар қатысты.

Бағдарлама аясында «Мәдениетаралық коммуникация – қоғамдық оптимизмді нығайтудың факторы» тақырыбында сараптамалық кездесу ұйымдастырылды. Жиынға университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, басқарма мүшесі Ғани Бесбаев модераторлық етті.
Кездесуде «Шаңырақ» кафедралары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» ғылыми-білім беру орталығының директоры Наталья Калашникова, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты Әлішер Сатвалдиев, Шымкент қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева, қалалық «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасы Латипша Асанов және өзге де спикерлер сөз сөйледі.

Сараптамалық кездесуде мәдениетаралық коммуникацияны дамыту, тілдік және этностық белгілер бойынша кемсітушілікке жол бермеу, қоғамдық келісім мен өзара құрмет қағидаттарын нығайту, сондай-ақ жастар арасында толеранттылық мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамда өзара құрмет пен түсіністік мәдениетін қалыптастыру, кемсітушіліктің алдын алу және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған өзекті мәселелерді сарапшылық деңгейде талқылау.

