ШЫМКЕНТТЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖЫЛЫЖАЙ ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Шымкент қаласының экономикалық дамуы мен инвестициялық саясаты аясында агроөнеркәсіптік секторды жаңғырту, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта қалада елдегі ең ірі заманауи «Alsera KZ» жылыжай кешенінің іске қосылуы және алғашқы қызанақ өнімін жинау салтанаты өтті. Жобаның жалпы құны 650 млн АҚШ долларын құрайды және толықтай тікелей инвестиция есебінен жүзеге асырылды. Кешеннің аумағы 650 гектарды қамтып, жылына 155 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін қосымша 40 гектар аумақ іске қосылып, өндіріс көлемі ұлғайтылады. Бұл ішкі нарықты тұрақты балғын көкөніспен қамтамасыз етуге және қала тұрғындарына сапалы өнім жеткізуге мүмкіндік береді. Кездесуге Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков қатысты. Ол түркиялық «Alarko Holding» холдингінің басшылығымен келіссөз жүргізіп, сенімді әріптестік пен инвестициялық жобаны жүйелі іске асырғаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің атынан холдингтің бас атқарушы директоры Умит Нури Йылдызға II дәрежелі «Достық» ордені табысталды. Бұл жоғары марапат екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан жеке үлесі мен ірі инвестициялық жобаларға белсенді қатысқаны үшін берілді. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған. Сонымен қатар, кешен білікті кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөледі. Жергілікті колледждермен меморандум жасау, мамандандырылған оқу курстарын ұйымдастыру, өндірістік практика өткізу және түлектерді жұмысқа орналастыру сияқты іс-шаралар іске асырылып, жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Сонымен қатар, компания толық әлеуметтік пакет ұсынады: арнайы жұмыс киімі, тегін тамақтану, қызметкерлерді тасымалдау және бәсекеге қабілетті жалақы. Бұл қалада жұмыспен қамтуды арттыруға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға және инвестициялық жобаларды іске асырудың тиімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Шымкенттің дамуы жолында «Alsera KZ» жылыжай кешенінің іске қосылуы агросекторда инновацияларды тиімді енгізудің үлгісі болып табылады. Алдағы уақытта қалада ауқымды және стратегиялық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға дайын инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, өңірлік экономикалық өсім мен азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жалғасады.