ШЫМКЕНТ КӘСІПКЕРЛІГІ: ҚАЛА ДАМУЫНА ҚОСЫЛҒАН НАҚТЫ ҮЛЕС

Бүгінде Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы кәсіпкерліктің қарқынды өсуімен тығыз байланысты. Шағын, орта және ірі бизнес өкілдері қаланың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, инвестиция тартуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей үлес қосып отыр. 2025 жылғы негізгі көрсеткіштер Шымкентте кәсіпкерлік нақты экономикалық әрі әлеуметтік пайда әкеліп жатқанын айқын көрсетеді. Қалада қазіргі таңда 808 өнеркәсіп кәсіпорны белсенді жұмыс істейді. Оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі басым. Бұл кәсіпорындар негізінен экономиканың тірек саласы саналатын өңдеу өнеркәсібінде шоғырланған. Соның нәтижесінде 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында 1,36 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, өнеркәсіп көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13,9 пайызға артты. Мұндай өсім Шымкент кәсіпкерлерінің нарық талаптарына бейімделе отырып, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіруге бет бұрғанын аңғартады. Кәсіпкерліктің қала үшін ең үлкен пайдасының бірі – тұрақты жұмыспен қамту деңгейінің артуы. Индустриялық аймақтар мен жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы нәтижесінде мыңдаған адам тұрақты табыс көзіне ие болды. Қала аумағында жұмыс істеп тұрған жеті индустриялық аймақта жүздеген инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң ықпал етуде. Сонымен қатар, кәсіпкерліктің дамуы қаланың бюджет кірісін едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Салық түсімдерінің көбеюі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, атап айтқанда білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысы, жол және инженерлік желілерді жаңғырту сияқты маңызды бағыттарға қосымша қаржы бөлуге жол ашты. Яғни, бизнестің дамуы қала тұрғындарының күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етіп отыр. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындар санының артуы импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнім үлесінің көбеюіне ықпал етті. Химия, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі сияқты салаларда кәсіпкерлердің белсенділігі Шымкентті еліміздегі ірі өндірістік орталықтардың біріне айналдыруда. Бұл үрдіс қаланың экономикалық қауіпсіздігін күшейтіп, ұзақ мерзімді даму перспективасын айқындайды. Қорытындылай келе, кәсіпкерліктің дамуы – Шымкент үшін тек экономикалық өсім көрсеткіші ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың, жаңа мүмкіндіктердің және тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың маңызды тетігі. Бизнеске қолайлы орта қалыптастыру арқылы қала заманауи, бәсекеге қабілетті әрі қуатты мегаполиске айналу жолында нық қадам басып келеді.