ШЫМКЕНТ: АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК – ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА ЖОЛ АШАТЫН ҚҰРАЛ

Шымкент қаласында әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі – халықтың әл-ауқатын көтеру және кедейлік деңгейін төмендету. Сол мақсатта тағайындалған маңызды мемлекеттік шаралардың бірі – атаулы әлеуметтік көмек (АӘК). Бұл бағдарлама табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға уақытша мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған. 2025 жылдың ІІ тоқсанында кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы ретінде белгіленіп, орта есеппен 36 252 теңге болды. АӘК мөлшері отбасының жан басына шаққандағы табысы мен кедейлік шегінің айырмасы негізінде есептеледі. Яғни, отбасының әр мүшесі үшін көмек мөлшері нақты табысқа бейімделген және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеді. Шымкент қаласында АӘК алу үшін негізгі талап – азаматтардың жұмысқа орналасуға дайын болуы. Бұл шара атаулы әлеуметтік көмек тек уақытша қолдау болып қана қоймай, нәтижелі жұмыспен қамтуға жол ашатын құрал ретінде де қарастырылады. Қалалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша АӘК 5 076 отбасыдағы 26 798 адамға тағайындалды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда отбасы санының 42,3 пайызға азайғанын көрсетеді. Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайын қосымша төлем тағайындалып отыр. Оның мөлшері 1,5 АЕК-ке тең және 4 714 отбасыдағы 25 683 балаға көрсетіледі. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 42,7 пайызға төмендеген. Мұның себебі – атаулы әлеуметтік көмекті тиімді бағыттау және отбасының өз табысын арттыруға тартылуы. АӘК алушылар арасында 7 400 азамат жұмысқа жарамды саналады. Олардың ішінде 3 840 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 163 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Бұл көрсеткіш мемлекеттік әлеуметтік көмектің жұмыспен қамтуға бағытталған тиімділігін айқын көрсетеді. Атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы – тек әлеуметтік қолдау ғана емес, сонымен қатар азаматтарды еңбекке ынталандыратын, жұмысқа орналасуға жағдай жасайтын стратегиялық құрал болып табылады. Шымкент қаласында АӘК-тің нәтижелі тағайындалуы кедейлік деңгейін төмендетуге, отбасы табысын арттыруға және қала тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар қалалық әкімдік пен әлеуметтік қызметтердің жүйелі үйлестіруі арқылы жүзеге асып, қала тұрғындарына әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, еңбекке деген ынтасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама болып отыр.