Түркістан облысының Шолаққорған ауылында жаңа тұрғын үйдің кілті табысталып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам жасалды. Жеткіншек шағын ауданында бой көтерген 16 пәтерлі, 2 қабатты тұрғын үй апатты жағдайдағы үйде тұрған 16 отбасын жаңа қонысқа орналастыруға мүмкіндік берді. Бұл жоба жергілікті тұрғындардың баспаналы болуына жол ашып қана қоймай, ауылдық инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге де зор үлес қосады.
Тұрғын үй құрылысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «KATKO» БК ЖШС және «Қазатомпром-Сауран» тарапынан қаржыландырылып, халық игілігіне ұсынылды. Жобаның ерекшелігі – заманауи стандарттарға сай жабдықталған пәтерлер мен толық қамтамасыз етілген инженерлік желілерде. Әрбір пәтер тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуге арналған инфрақұрылыммен қамтылған, бұл жаңа үйді отбасы үшін толыққанды, қауіпсіз және ыңғайлы қонысқа айналдырады.
Жаңа тұрғын үйдің ауласында балалар ойын алаңшасы орнатылып, жас буынның спортпен айналысуына, демалуға және қауіпсіз ойнауға жағдай жасалған. Сонымен қатар, тұрғын үйдің сыртқы қасбеті металлопанельмен қапталып, заманауи эстетикалық талаптарға сай әрленген, бұл жаңа қоныстың көркін арттыруға мүмкіндік беріп, ауылдың көрінісін жаңғыртты.
Аудан әкімінің айтуынша, тұрғын үйдің пайдалануға берілуі тек жеке отбасылардың баспаналы болуына ықпал етпей, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды да жеделдетеді. «Бұл жоба ауылдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жергілікті экономикаға, құрылыс саласына, қызмет көрсету секторына оң әсерін тигізеді. Жергілікті кәсіпорындар тартылып, құрылыс материалдары мен қызметтерге сұраныс туады, бұл өңірдегі экономикалық белсенділікті арттырады», – деді Серік Үсенұлы Мамытов.
Жаңа тұрғын үй жобасы апатты тұрғын үй қорын азайтуға, халықты сапалы, заманауи пәтерлерге қоныстандыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай бастамалар Түркістан облысында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашып, ауылдық жерлердің экономикалық әлеуетін арттырады.
Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, өңірдегі экономикалық дамудың маңызды драйверіне айналуда. Шолаққорған ауылындағы жаңа тұрғын үй – тұрғындардың тұрмысын жақсартуға, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосатын маңызды бастамалардың бірі болып отыр.
