Түркістан облысы, Төлеби ауданында Киелітас ауылдық округінде жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Жобаның алғашқы қазығы қағылып, іргетасына уақыт капсуласы қойылды. Іс-шараға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, «Шымкентцемент» компаниясының басшысы Иван Пак, аудандық мәслихат депутаттары және жергілікті қоғам өкілдері қатысты. Жаңа спорт кешені тек ғимарат ретінде ғана емес, жастарға салауатты өмір салтын дәріптейтін, болашақ чемпиондардың алғашқы қадамын қалыптастыратын маңызды нысан ретінде жоспарлануда. Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлов атап өткендей, бұл жоба – «ғимарат қалау емес, болашаққа сенім, ұрпаққа аманат, ел ертеңіне инвестиция салу». Шынымен де, спорт инфрақұрылымын дамыту ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына қосымша серпін береді. Спорт кешенінің жалпы ауданы 1203 м², ашық футбол алаңы 800 м² құрайды, және 150–200 адамға арналған. Кешенде футбол, мини-футбол, күрес, бокс, баскетбол, волейбол, жаттығу және фитнес залдары қарастырылған. Мұндай кешендер ауданның спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, өңір экономикасына инвестиция тартудың жаңа бағытын ашады. Жоба аудан әкімдігі, «Шымкентцемент» компаниясы және «Киелі Қазығұрт» мекемесі арасындағы үш жақты меморандум негізінде жүзеге асырылуда. Бұл – мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы өңірге инвестиция тартудың тиімді үлгісі. Жобаның құрылыс кезеңі ғана емес, кейінгі кезеңде де жергілікті кәсіпкерлікке, қызмет көрсету саласына және туризмге серпін береді. Төлеби ауданында бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда 51 мыңнан астам тұрғын спортпен тұрақты түрде айналысады, ал 225 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Жаңа спорт кешені осы көрсеткіштерді арттырып қана қоймай, ауданның инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, жастар мен жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық жобалар, әсіресе спорт саласында, өңір экономикасына бірнеше бағытта әсер етеді: құрылыс және қызмет көрсету саласы дамиды, халықты жұмыспен қамту деңгейі артады, туризм мен мәдени шараларға тартылатын инвестициялар көбейеді. Сонымен қатар, спорт кешені жастардың дамуына жағдай жасап, ауданның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде ұзақ мерзімді экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін стратегиялық қадам болып саналады. Осылайша, Төлеби ауданында салынып жатқан жаңа спорт кешені өңірдің экономикалық дамуына және инвестициялық тартымдылығына айтарлықтай үлес қосып, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетуге жаңа серпін береді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
