Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповтің ресми кездесуі өтті. Басқосуға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов қатысты. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық жобаларды ілгерілету және шекара маңы өңірлерінің әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Түркістан облысы мен Өзбекстанның көршілес өңірлері тарихи, мәдени және экономикалық тұрғыдан ежелден тығыз байланыс орнатқан. Бүгінде бұл әріптестік жаңа мазмұнға ие болып, нақты экономикалық жобалар арқылы дамып келеді. Кездесуде туризм инфрақұрылымын жетілдіру, шекара маңындағы көлік дәліздерін жаңарту және өндірістік аймақтар құру бағыттарында өзара келісімге келу жайы талқыланды. Сонымен қатар, Өзбекстан тарапы Қазақстанмен шекаралас облыстар арасында тауар айналымын ұлғайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өңдеу мен экспорттық әлеуетті арттыруға мүдделілік танытып отыр. Ал Түркістан облысы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, шетелдік серіктестерге тиімді жағдайлар жасалатынын жеткізді. Екі жақты келіссөздер нәтижесінде тараптар өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, ірі бірлескен жобаларды іске асыруға және мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға уағдаластып, қол алысты. Бұл бағыттағы іс-шаралар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты көрінісіне айналып отыр. Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысының делегациясы сапар аясында Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Үргеніш және Хиуа қалаларында бірқатар кездесулер өткізіп, туризм мен инвестиция саласындағы өзара келісімдерге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Түркістан мен Өзбекстан өңірлерінің экономикалық байланысын тереңдету – Орта Азия кеңістігіндегі интеграциялық процестерді күшейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл өз кезегінде өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
