Түркістан қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайлы қалалық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар экономикалық даму стратегиясымен тығыз байланыста жүзеге асырылып келеді. Қауіпсіздік деңгейінің артуы – инвестициялық климатты жақсартудың, кәсіпкерлікті дамыту мен туризмді өркендетудің негізгі факторларының бірі.
Осы бағытта Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібековтің төрағалығымен өткен жиында қала аумағындағы қоғамдық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Мәжілісте бейнебақылау жүйесін жаңғырту мен кеңейту арқылы құқықбұзушылықтың алдын алу және заманауи «ақылды қала» қағидаттарын енгізу жайы сөз болды.
Ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесінің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылы қала аумағында 200 бейнебақылау камерасы толық жаңартылып, қосымша 210 жаңа камера орнатылды. Бұл техникалық жаңғырту қоғамдық орындарда жағдайды жедел бақылауға, құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуіне және тәртіп бұзушылықтарды ерте анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, 2026 жылы тағы 275 бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда. Жаңа құрылғылар адам көп шоғырланатын аймақтарға, жаяу жүргіншілер қозғалысы қарқынды көшелерге, сондай-ақ жарықтандыру деңгейі төмен учаскелерге орналастырылады. Бұл шешімдер қаланың қауіпсіз инфрақұрылымын күшейтіп қана қоймай, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы әрі сенімді орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Қауіпсіздік инфрақұрылымының дамуы Түркістанның экономикалық әлеуетіне де оң әсерін тигізуде. Қоғамдық тәртіптің сақталуы шағын және орта бизнестің тұрақты жұмыс істеуіне, сауда-сервистік қызметтердің дамуына, туристік нысандардың тартымдылығын арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, цифрлық бақылау жүйелері қаланы басқарудың тиімділігін арттырып, «Smart City» элементтерін кезең-кезеңімен енгізуге негіз қалайды.
Жалпы, бейнебақылау камераларын кеңінен енгізу – Түркістан қаласының қауіпсіздігін арттырумен қатар, оның экономикалық дамуына, инвестициялық тартымдылығына және заманауи қала ретіндегі беделін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл жұмыстар өңірдің тұрақты өсіміне қызмет етіп, Түркістанды өмір сүруге, жұмыс істеуге және инвестиция салуға қолайлы қала ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
