Түркістан облысында инвестициялық белсенділік артып, өндірістік әлеуетті күшейтуге бағытталған жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кездесу өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өндірістік мүмкіндіктерін таныстырды.
Кездесу барысында облыс басшысы Түркістан өңірінің географиялық орналасуы, көлік-логистикалық мүмкіндіктері және ауыл шаруашылығы саласындағы артықшылықтарына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Түркістан облысы бүгінде Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың қатарына енеді. Әсіресе, агроөнеркәсіп кешені мен жеңіл өнеркәсіп саласында өсім байқалады.
Өңір экономикасында мақта шаруашылығы маңызды орын алады. Соңғы жылдары мақтаны терең өңдеу бағытында нақты жобалар қолға алынып, жаңа өндіріс орындары іске қосылған. Биылдың өзінде жалпы құны 100 миллиард теңгеден асатын инвестициялық жобалар пайдалануға беріліп, олардың қатарында жіп иіру фабрикасы, мақта өңдеу кәсіпорындары, ПВХ құбырларын шығару және тамшылатып суару жүйелерін өндіру зауыттары бар.
Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу жұмыстары күшейтілген. Заманауи әдістер арқылы ондаған мың гектар жерге мақта егілген. Бұл бастамалар өнім көлемін арттырып қана қоймай, өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына да серпін беруде.
Кездесу кезінде инвесторлар Түркістан облысында тоқыма кластерін қалыптастыруға қызығушылық танытты. Атап айтқанда, тоқыма маталарын өндіру және бояу, киім тігу, үй текстилін шығару, медициналық қорғаныс құралдарын жасау, инновациялық және экологиялық таза текстиль өнімдерін әзірлеу бағыттарында жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Бұдан бөлек, өндіріс орындарын энергия және жылумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту мәселелері де қарастырылды. Жоспарланған жобалар толық іске асқан жағдайда өңірде 500-ден 700-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар жүйелі түрде дамытылып келеді. Соның ішінде «TURAN» арнайы экономикалық аймағы өндіріс орындарын ашуға тиімді алаң ретінде ұсынылуда. Мұнда дайын инженерлік инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылған.
Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, болашақта өзара әріптестік орнату бағытында нақты жұмыстар жүргізуге уағдаласты. Бұл бастамалар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, өңірдің өндірістік және экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
