ТҮРКІСТАНДА ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДІ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ – ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДАҒЫ ЖАҢА ҚАДАМ

Түркістан облысында білім беру саласында маңызды жаңалық іске асырылуда. Аймақта мемлекеттік тапсырыс алатын 157 жекеменшік мектеп бар, олар 2024-2025 оқу жылының соңына дейін «Қаржы орталығы» АҚ арқылы қаржыландырылған. Жекеменшік мектептерді қаржыландырудағы жаңа жүйе тек білім сапасын арттыруға ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Жекеменшік мектептерге жүргізілген талдау нәтижесінде оқушыларды есепке алу мен қаржыландырудағы сәйкессіздіктер анықталды. Ұлттық білім беру дерекқорында мемлекет есебінен қаржыландырылатын мектептерде тіркелген балалардың іс жүзінде басқа мектептерде оқитыны белгілі болды. Осы мәселелерді шешу мақсатында елімізде пилоттық жоба қолға алынды: енді қаржыландыру ҚР Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Облыс бойынша барлық 157 жекеменшік мектеп «e-Qazyna» порталына қажетті құжаттарын жүктеп, келісімшарттар жасады. Мәліметтер толық тексеріліп, жүйеге енгізілгеннен кейін қызмет көрсету актілері рәсімделіп, Қаржы орталығына жолданады. Бүгінде облыстағы 110 мектепке қаржы аударылған, бұл 25 мыңнан астам оқушыға және 4 мыңнан астам жекеменшік мектеп қызметкерлеріне нақты төлем жүргізілгенін білдіреді. Қалған мектептердің төлемдері оқушылардың сабаққа қатысу көрсеткіштері мен басқа білім беру ұйымдарына ауысу деректерін «BilimClass.kz» платформасы арқылы тексергеннен кейін жыл соңына дейін толық көлемде жүзеге асырылатын болады.

Бұл жоба тек қаржылық бақылауды күшейтіп қана қоймай, облыстағы білім беру саласының ашықтығын қамтамасыз етеді. Қаржыландыру тек нақты оқып жүрген балаларға жүргізіледі, деректер расталған соң ғана төлемдер рәсімделеді, бұл білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Жекеменшік мектептерге тұрақты қаржыландыру енгізілуі Түркістан облысының әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып, білім беру саласында сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл өңірдегі білім беру қызметін экономикалық тұрғыдан тиімді ұйымдастыруға, жеке сектордың белсенділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етеді. Осындай стратегиялық қадамдар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, өңірді инвестициялық тартымды және заманауи білім беру инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге бағытталған.