ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ӨНДІРІС: ПЛАСТИКАЛЫҚ ЫДЫСТАР МЕН ПОЛИЭТИЛЕН ПАКЕТТЕРІ ЭКСПОРТҚА ЖОЛ АШАДЫ

Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта «ER-QAN GROUP» ЖШС жаңа зауытын іске қосты. Кәсіпорын орамдағы полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстарды шығарады. Зауыттың ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, өндіріс орнының жұмысымен танысты және өңірдің экономикалық дамуына қосылатын үлесі жөнінде пікір алмасты.

– Бұл зауыт – Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттыратын, жаңа жұмыс орындарын құратын және кәсіпкерлік ортаны дамытатын маңызды жоба, – деді Нұрлан Көшеров. – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және отандық өндірісті күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді. «ER-QAN GROUP» жобасы – сол тапсырмалардың нәтижелі іске асуының айқын дәлелі.

Жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге, ал іске қосу аясында 30-дан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Зауыт ішкі нарықты сапалы отандық өніммен толықтырумен қатар, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстарға деген сұраныстың жоғары болуы – кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне және облыс экономикасына қосымша инвестициялық тартымдылық әкелетіні сөзсіз.

Түркістан облысы соңғы жылдары инвестициялық әлеуетін белсенді түрде арттырып келеді. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өңірге негізгі капиталына 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларын құрап отыр. 2025-2028 жылдарға арналған 111 инвестжобалар пулы қалыптасып, олардың толық іске асуы нәтижесінде 23 915 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланған.

«ER-QAN GROUP» зауыты шекаралық аймақтардағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа да оң әсерін тигізеді. Өндіріс арқылы Түркістан облысы ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік алады. Мұндай жобалар өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, кәсіпкерлікті дамытудың жаңа үлгілерін көрсетеді.

Сонымен, Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарының ашылуы тек экономикалық өсімге ғана емес, сонымен қатар шекаралық аймақтардағы сауда-экономикалық ынтымақтастық пен инвестициялық климаттың жақсаруына да нақты үлес қосуда. «ER-QAN GROUP» зауыты – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, экспортқа бағытталған тұрақты кәсіпкерлік орнын құрудың жарқын мысалы.