ТҮРКІСТАНДА ЖАСЫЛ АЙМАҚТАРДЫ КӨБЕЙТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және жасыл желек көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға және қалалардың көркін арттыруға бағытталған.

Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – Түркістан қаласында заманауи тұқымбақ құру жобасы. Жаңа өндірістік нысан өңірді сапалы көшеттермен қамтамасыз етуге, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге және жергілікті өсімдік қорын дамытуға мүмкіндік береді.

Жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын тұқымбақ жобасына 400 миллион теңге инвестиция бағытталған. Нысанда ағаш көшеттері мен түрлі гүлдерді өсіру жұмыстары қолға алынып, өндірістік әлеуетті арттыру бағытында кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта тұқымбақ аумағын кеңейту, жылыжай санын көбейту, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және өсімдіктердің сапасын арттыруға арналған зертхана құру жоспарланып отыр.

Жобаның толық қуатына шығуы өңірдің көгалдандыру саласына үлкен мүмкіндік береді. Жыл сайын мұнда жүздеген мың біржылдық гүл, жапырақты және қылқанжапырақты ағаш көшеттерін өсіру көзделген. Өндірілетін көшеттер Түркістан қаласындағы саябақтарды, гүлзарларды, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, сондай-ақ облыстың басқа да елді мекендерін көгалдандыруға пайдаланылмақ.

Тұқымбақтың іске қосылуы өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, көгалдандыру жұмыстарын жергілікті өндіріс есебінен жүзеге асыруға жол ашады. Бұл сырттан көшет тасымалдау қажеттілігін азайтып, өсімдіктердің жергілікті климатқа бейімделуіне мүмкіндік береді.

Түркістан облысында жасыл желекті көбейту жұмыстары тек қала аумағымен шектелмей, барлық аудандарда жүйелі түрде жалғасуда. Бүгінде өңірде бірқатар тұқымбақтар жұмыс істеп, ағаш көшеттерін өсіру және көбейту бағытында жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар көктемгі және күзгі маусымдарда ағаш отырғызу акциялары тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындарды көгалдандыру жұмыстарына тарту және жасыл аймақтарды кеңейту – өңір дамуының маңызды бағыттарының бірі. Әрбір отырғызылған ағаш қоршаған ортаны жақсартуға, қалалардың ауасын тазартуға және болашақ ұрпақ үшін жайлы мекен қалыптастыруға үлес қосады.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан көгалдандыру жобалары өңірдің табиғи келбетін жақсартып қана қоймай, қалалардың заманауи әрі экологиялық тұрғыдан қолайлы аймаққа айналуына негіз болуда. Жаңа тұқымбақ – осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың бірі және «жасыл Түркістан» қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.