Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған дәстүрлі «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекесі жоғары деңгейде өтті. Іс-шара ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен өңір диқандарының 300 тоннадан астам өнімі, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесі арқылы ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асқан бірегей өнімдер мен стартап жобалар көрмеге қойылды. Бұл іс-шаралар өңірде өндірілетін табиғи өнімдердің сапасын дәріптеп, ұлттық өнім өндірушілерге қолдау көрсетуге бағытталды.
Салтанатты жиынға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, өңірдің аграрлық әлеуетін арттырудағы маңызды көрсеткіштерді атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикадағы жалпы көлемінің 13%-ын өндіреді. Биылғы жылдың 10 айында облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласында 1,1 трлн теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21% өсім көрсеткен.
Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім сапасын арттыру мақсатында өңірде бірнеше стратегиялық бағыт жүзеге асырылуда. Мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталып, алдағы бес жылда дайын өнім шығаратын толық циклді отандық кәсіпорындар іске қосылады. Бұл экспортқа тәуелділік деңгейін төмендетіп, ұлттық өнімді халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жылыжайлардағы көкөніс өнімдерінің жиналу көлемі 150 мың тоннадан асты, бұл көрсеткішпен облыс республикадағы жалпы өнімнің 76%-ын қамтамасыз етеді.
Мал шаруашылығы саласында да Түркістан республикада көшбасшы. Ірі қара мал етінің 80%-ы және қой етінің 75%-ы экспортқа бағытталады. Биылғы 10 айда 27,2 мың тонна ірі қара және 20 мың тонна қой еті шетел нарығына жеткізілді. Бұл салада құны 48,9 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ұлттық экспортты нығайтуға елеулі үлес қосуда.
Сонымен қатар, өңірде су үнемдеу технологиялары 114 мың гектарға енгізіліп, мақта дақылдарының өнімділігі екі есеге артты. Мақта-тоқыма кластері аясында 201 млрд теңге құны бар 5 жоба іске қосылады, бұл арқылы 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құру жоспарланып отыр. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің қайта өңдеу кәсіпорындарының дамуы ұлттық экспорттық әлеуетті кеңейтіп, өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
«AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекесі тек еңбек адамдарының кәсіби еңбегін дәріптеп қана қоймай, сонымен қатар өнім сапасын арттыру, ұлттық өндірушілерді қолдау және экспорт әлеуетін дамытудағы маңызды алаңға айналды. Түркістан облысының тәжірибесі Қазақстандағы аграрлық секторды жаңғырту мен отандық өнімнің халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлгі болары сөзсіз.
