Түркістан қаласында инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және жаңа тұрғын үй алаптарын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қалада жол құрылысы мен абаттандыру ісімен қатар, тұрғын үй салу қарқыны да күшейіп келеді.
Қала аумағындағы инфрақұрылымдық жобалар легінде ең алдымен ипподромға апаратын жолдың құрылысы ерекше назарда. Ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын бұл жолға екі қабатты асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылған. Қазіргі таңда жолдың екі жағында аяқжол төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Бекзат тұрғын алабында ұзындығы 8,4 шақырым болатын 5 көшеде орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда. Құрылыс барысында жол негізін әзірлеу, ірі және ұсақ түйіршікті асфальт жабындысын төсеу, жол жиектерін ретке келтіру, сондай-ақ бір жақты аяқжол салу жұмыстары қолға алынған.
Ал Отырар тұрғын алабында жалпы ұзындығы 24,6 шақырымды қамтитын 28 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл көшелердің қатарында Шаян, Ойсылқара, Келес және оларға іргелес жатқан көше жолдары бар. Мұндағы мақсат — тұрғындарға ыңғайлы, қауіпсіз және заманауи жол инфрақұрылымын қалыптастыру.
Жол құрылысы жұмыстарымен қатар Түркістанда тұрғын үй салу ісі де қарқын алып отыр. Қала әкімінің орынбасары Әбілсейіт Байсейітұлы 5 қабатты 22 кредиттік тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңына барып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті.
Жалпы аумағы 8,4 гектарды құрайтын бұл ауқымды жоба аясында 880 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Қазіргі таңда құрылыс алаңында негізгі жұмыстар толыққанды басталып, белсенді түрде жүргізілуде. Мұндай жобалар Түркістан тұрғындарына қолжетімді баспана ұсынуға, сонымен қатар қаланың заманауи келбетін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосады.
Қала әкімінің орынбасары нысандарды аралау барысында мердігер ұйымдарға атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып, құрылысты белгіленген мерзімде және сапалы түрде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Бүгінде Түркістан – еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Инфрақұрылымдық және тұрғын үй жобаларының жүзеге асырылуы қаланың экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Жаңа жолдар, жарық шамдары, көгалдандырылған көшелер мен заманауи тұрғын үйлер – мұның бәрі Түркістанның жаңаша келбетін айқындап, шаһарды шын мәнінде жайлы әрі көрікті қалаға айналдыруға негіз болып отыр.
