ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстанның құнды тарихи жәдігерлері мен ұлттық дәстүрлерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы ғалымдар Қызылорда облысындағы Сауысқандық және Түркістан облысындағы Арпа өзені аумағынан жалпы саны 17 мыңнан астам петроглиф тапқанын айтып, осындай баға жетпес тарихи мұраларды халықаралық деңгейде қорғауға алу қажеттігін тапсырды.

Осы бағытта Түркістан облысында ЮНЕСКО тізіміне мәдени мұра нысандарын енгізу және оларды сақтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, 2003 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бүгінде аталған бірегей ескерткіштің жай-күйін сақтау мәселесі мемлекет тарапынан тұрақты бақылауда. Кесененің техникалық және тарихи ахуалын кешенді зерттеу жұмыстары Мәдениет және ақпарат министрлігінің қадағалауымен 2023 жылы басталып, қазіргі уақытта жалғасуда.

Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында орналасқан «Күлтөбе» қалашығын абаттандыру жобасын Қазақстан Республикасының заңнамасына және ЮНЕСКО-ның 1972 жылғы Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенциясының талаптарына сәйкес ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетімен келісу жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысы аумағында тарихымызды тасқа қашап бейнелеген таңбалы тастар мен петроглифтер көптеп кездеседі. Солардың ішіндегі аса құнды нысандардың бірі – Созақ ауданында орналасқан Арпаөзен петроглифтері. 2023 жылы бұл аумақта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда Арпаөзен археологиялық кешенін арнайы қорғауға алу шаралары қолға алынған. Аталған қорғау жұмыстары екі кезең бойынша жүзеге асырылуда.

Айта кету керек, 2021 жылы «Арпаөзен» петроглифтері ЮНЕСКО-ның әлемдік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген. Ал 2025 жылы Арпаөзен археологиялық кешені республикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұралардың мемлекеттік тізіміне енді.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында туристер көп шоғырланатын ортағасырлық Сауран, Отырар және Күлтөбе қалашықтарын «Ұлы Жібек жолы: Ферғана–Сырдария дәлізі» атты трансұлттық номинация аясында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жоспарлануда.

Аталған жұмыстар ұлттық тарихымызды сақтау, оны халықаралық деңгейде насихаттау және келешек ұрпаққа аманат ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.