ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ — ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ӨЗІН-ӨЗІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ

Түркістан облысында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру мен экономикалық теңгерімді қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары – тек көмек беру құралы емес, сонымен қатар аймақтың экономикалық тұрақтылығы мен өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін күшейтудің маңызды тетігіне айналып отыр. 2025 жылдың басынан бері Түркістан қаласында 1329 отбасы немесе 8442 тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Бұл қолдау азаматтардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға ғана емес, олардың еңбекке қабілетті бөлігін өз ісін ашуға және экономикалық белсенділікке тартуға мүмкіндік береді. Қаладағы кедейлік деңгейінің 3,5 пайызға дейін төмендеуі осы бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесі болып табылады. АӘК алушылардың ішінде, 843 отбасы (6028 адам) – шартты атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған, яғни бұл азаматтар еңбекке қатысу немесе табыс табуға ынталандыру тетіктері арқылы өз жағдайын жақсартуға бағытталған топқа жатады. 486 отбасы (2414 адам) – шартсыз көмек алушылар, әлеуметтік әлсіз санаттағы тұрғындар. Сонымен қатар, 1-6 жас аралығындағы 2596 балаға қосымша әлеуметтік төлемдер тағайындалды. Бұл – отбасы институтын қолдау арқылы болашақ еңбек ресурстарының сапасына инвестиция салу деген сөз. Қайырымдылық және демеушілік ұйымдарының қолдауымен 915 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді. Мұндай әріптестік – қоғам мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің артып келе жатқанын айғақтайды. Қазіргі таңда Түркістан қаласында күнкөріс деңгейі – 52 394 теңге, ал кедейшілік шегі – 38 776 теңге көлемінде белгіленген. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік саясат пен экономикалық даму арасындағы байланысты нақтылайды: табысы төмен азаматтарға қолдау көрсету арқылы өңірдің ішкі тұтыну әлеуеті артып, жергілікті нарықтағы айналым жанданады. Көпбалалы аналарды қолдау да аймақтың экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Қалада 15 735 көпбалалы ана есепте тұр, олардың қатарында, 1098 – «Алтын алқа» иегері, 2364 – «Күміс алқа» иегері, 71 – «Батыр ана», 92 – «Ана даңқы» орденімен марапатталған, 12 110 – төрт және одан көп баласы бар аналар. Бұл көрсеткіш Түркістанның демографиялық әлеуетінің жоғары екенін, ал аналарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау – өңірдің еңбек ресурстарын ұлғайту мен адам капиталына инвестиция салудың тиімді тетігі екенін дәлелдейді.