ТҮРКІСТАН: «ҚАЗЫҒҰРТ» КЕДЕН БЕКЕТІ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, ТРАНЗИТТІ ӘЛЕУЕТІ АРТТЫ

Түркістан облысында шекара инфрақұрылымын жаңғырту аясында Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қазығұрт» кеден бекеті толық қайта құрылып, пайдалануға берілді. Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмаларын жүзеге асырудағы жүйелі қадамдардың бірі болып отыр.

Салтанатты ашылуға ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысты. ҚР Қаржы министрі жаңғыртылған кеден бекетінің еліміз бен көршілес елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Шекаралық аймақта заманауи және тиімді инфрақұрылымды дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін арттырады, сауда байланыстарын күшейтеді және өңірде сенімді логистиканы қамтамасыз етеді», – деді Мәди Такиев.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бекеттің стратегиялық маңыздылығына тоқталып, оның өңір экономикасына қосар үлесін атап өтті. «Бұл нысан – көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған нақты қадам. Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі жетекші көлік хабына айналдыруға арналған жобалардың бір бөлігі. Бекет Еуропа мен Қытайды Орта Азия арқылы жалғайтын маңызды дәлізде орналасқан», – деді облыс басшысы.

Жаңғырту жұмыстары 2023 жылы басталып, кеден бекеті заманауи технологиялармен жабдықталды: көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ-габарит өлшеу құралдары, рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары енгізілді. Қауіпсіздікті арттыру және қозғалыс ағынын тиімді ұйымдастыру мақсатында жаяу жүргіншілерге, жеңіл және жүк көліктеріне арналған бөлек дәліздер қарастырылды.

Нәтижесінде, бекеттің өткізу қабілеті айтарлықтай артты: бұрын тәулігіне 250 жүк көлігін өткізген болса, енді 1 000 көлікке дейін өткізу мүмкіндігі бар. Бекет аумағы 2,5 гектардан 4,8 гектарға дейін кеңейіп, көлік жолақтары екіден алтыға дейін көбейтілді. Сонымен қатар, кеден аймағына кіретін жол бөлігі 2 жолақтан 4 жолаққа дейін ұлғайып, жаяу жүргіншілер жолы, жарықтандыру және суағар жүйелері енгізілді.

2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, жаңартылған «Қазығұрт» кеден бекеті арқылы өткен тауар айналымы едәуір өсті: импорт көлемі 155,4 млн АҚШ долларын құрап, 5%-дан астам өсім көрсетті, ал экспорт 252,4 млн АҚШ долларына жетіп, 57%-ға артты. Жүк көліктерінің саны 4,6 мың бірлікке ұлғайып, кедендік бақылау тиімділігі айтарлықтай жақсарды.

Жаңартылған кеден бекеті Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы транзиттік әлеуетті күшейтіп, тауарларды өткізу уақытын 3 сағат 30 минуттан 45 минутқа дейін қысқартты. 132 267 транзиттік декларация ресімделіп, өсім 2%-ға жетті. Бұл – өңірдің экономикалық дамуына, халықаралық сауда қатынастарын нығайтуға және транзиттік логистикалық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосатын стратегиялық жоба.

Жалпы Түркістан облысындағы шекара маңындағы кеден бекеттерін жаңғырту бағдарламасы республика көлемінде 9 автомобиль өткізу пунктін қамтып, Қазақстанды аймақтағы негізгі логистикалық хабқа айналдыруға бағытталған жүйелі және ұзақ мерзімді жоба болып отыр.