ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚСТАН-ӨЗБЕКСТАН ШЕКАРАСЫНДАҒЫ КЕДЕН БЕКЕТТЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ БОЙЫНША ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ҚОЛДАНЫЛУДА

Түркістан облысында шекаралық сауда мен экономикалық байланысты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына іссапармен барып, жұмысшы топ мүшелерімен арнайы кеңес өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы сауда-экономикалық қатынастар мен кеден бекеттерінің жұмысын жандандыру мәселелері талқыланды.

Кеңесте кеден бекеттері маңында жеке автотұрақтарда туындаған келеңсіз жағдайларды шешу, өткізу пункттерінің тиімділігін арттыру және халықаралық саудадағы уақыттық шығындарды азайту жолдары қаралды. Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің құрамына кіретін 8 кеден бекеті мен 2 бақылап-өткізу пунктінің жұмысы жүйелі түрде талданып, олардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар қаралды.

Зұлпыхар Сансызбайұлы жиын соңында сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, кеден бекеттерінде тәртіп пен санитарлық тазалықты күшейтуді, заңсыз ақша алу әрекеттерін болдырмауды, сондай-ақ көліктердің кезегін ақысыз электронды жүйе арқылы реттеп, өткізу уақытын қысқартуды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бұл шаралар шекаралық сауданың ашық әрі тиімді болуына, екі ел арасындағы сенімнің нығаюына және өңірлік экономикалық әлеуеттің артуына ықпал етеді.

Іссапар барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қазығұрт және Қабланбек кеден бекеттерін (Сарыағаш ауданы), Бауыржан Қонысбаев кеден бекетін (Келес ауданы), Атамекен кеден бекетін (Мақтаарал ауданы) аралап, олардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар кеден қызметкерлерімен бірлесіп, шекаралық өткізу пункттеріндегі өткізу рәсімдерін жеделдету, инфрақұрылымды жаңарту және сауда-саттықты дамыту бойынша нақты іс-шараларды талқылады.

Жоғарыда аталған шаралар бойынша Түркістан облысының экономикалық дамуын жеделдетуге, шекара маңындағы сауда-экономикалық байланысты күшейтуге және өңірдің халықаралық сауда алаңындағы инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Кеден бекеттерінің тиімді қызметі сауда айналымының өсуіне, шекара маңындағы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және облыстың экспорттық әлеуеттің кеңеюіне серпін береді деп күтілуде.