ТҮРКІСТАН: ФРАНЦИЯ КОМПАНИЯЛАРЫ ӨҢІРГЕ ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА ШАҚЫРЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, әріптестікті нығайту, бірлескен жобаларды іске асыру және экономикалық байланыстарды тереңдету бағытында келіссөздер жүргізілді.

Облыс басшысы француз инвесторларын Түркістанға инвестиция салуға шақырып, өңірдің стратегиялық артықшылықтарын атап өтті.
– «Сізді Түркістан облысында қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан мен Франция – маңызды экономикалық серіктестер, ал біздің қарым-қатынасымыз 1992 жылдан бері белсенді дамып келеді. Сол жылдан бері сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясы жұмыс істеп келеді», – деді Н.Көшеров.

Ол Түркістан облысындағы франциялық инвестициялардың мысалдарын атап өтті. Соның бірі – Мойынқұм және Төртқұдық уран кен орындарын игеріп жатқан «Orano» және «Қазатомөнеркәсіптің» бірлескен KATCO кәсіпорны, оның жылдық өндірістік қуаты 4 мың тонна уранды құрайды. Сонымен қатар, өңірдің тарихи және мәдени әлеуеті инвестиция тартуда маңызды рөл атқаратыны айтылды. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, әсем табиғи ландшафттары мен сауықтыру орындары, Түркістан қаласындағы халықаралық әуежай – барлығы туристік инвестициялар үшін тартымды факторлар болып саналады.

Облыс әкімі Түркістанның табиғи-климаттық жағдайлары ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы екенін, өңірдің елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеп тұрғаны, «Шағын өнеркәсіптік парктер» желісін дамытудың белсенді жүргізіліп жатқаны инвестициялық климатты қолайлы ететінін көрсетті.

Франция Республикасының Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге мен елшілік өкілдері әріптестікті жан-жақты дамытуға мүдделі екенін айтып, Түркістан өңірінің әлеуетін франциялық компанияларға таныстыруға дайын екенін жеткізді. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, туризм, білім, өндіріс және сауда салалары бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланып, тәжірибе алмасу және жобаларды терең талдау жөнінде уағдаласты.

Осы кездесудің нәтижесінде Түркістан облысы мен француз инвесторлары арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері ашылды. Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру, туристік инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, индустриалды жобаларды іске қосу және халықаралық инвестицияларды тарту арқылы Түркістан облысы оңтүстік өңірдегі инвестициялық тартымдылығы жоғары аймаққа айналуға дайын.

Бұл шара Түркістан облысының экономикалық дамуы мен инвестициялық саясатын нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірдің өндірістік инфрақұрылымын дамытуға маңызды серпін береді.