Түркістан облысының Созақ ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Бұл ретте мемлекет пен бизнес арасындағы өзара серіктестік тиімді нәтиже беріп отыр. Атап айтқанда, аудан әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы арасында жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде, кәсіпорынның демеушілігімен Қызылкөл, Құмкент, Бабата, Қарақұр және Қаратау елді мекендерінде жаңа ұңғымалар қазу жұмыстары басталды.
Аталған бастама ауыл тұрғындары үшін аса маңызды, себебі бұл елді мекендерде жаз айларында ауыз судың тапшылығы жиі туындап, мәселе халық тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын. Тұрғындардың өтінісін назарға алған аудан басшылығы мәселені шешудің нақты жолдарын қарастырып, нәтижесінде «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жобаны қолға алды.
Қазіргі таңда Бабата ауылында тереңдігі 507 метр болатын ұңғымадан сағатына 100 текше метрге жуық су шығып, ауыл халқының қуанышына себеп болды. Бұл – өңірдегі ауыз су тапшылығын азайту жолындағы нақты нәтиже. Сонымен қатар, мұнда екінші құдықтың бұрғылау жұмыстары да қызу жүріп жатыр, ол 400 метр тереңдікке дейін жетті. Алдағы уақытта бұрғылау техникасы Қызылкөл мен Құмкент ауылдарына көшіп, шамамен 350 метр тереңдікте ұңғымалар қазу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Қаратау және Қарақұр ауылдарында алғашқы ұңғымалар 180 метр тереңдікке дейін бұрғыланып, қазіргі таңда су көздерін тазалау және сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң, Қарақұр ауылында қосымша 180 метр, ал Қаратау ауылында 780 метр тереңдікте жаңа құдықтар қазылмақ. Мұндай жобалар ауыл инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың өмір сүру сапасының артуына тікелей әсер етеді. Себебі ауыз су – кез келген елді мекеннің тұрақтылығы мен өркендеуінің басты факторы.
Созақ ауданының әкімдігі тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Аудан басшысы атап өткендей, мемлекеттік және жеке сектордың ынтымақтастығы арқылы көптеген елді мекендерде ауыз су, жол, жарық және әлеуметтік нысандар мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табады. Осылайша, Созақ ауданының бес бірдей ауылында жүзеге асып жатқан жоба – өңірдің инвестициялық әлеуетінің артқанын, сондай-ақ бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігі артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – тек әлеуметтік бастама ғана емес, халықтың болашаққа деген сенімін нығайтқан нақты іс.
