ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДАҒЫ ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН ӨНДІРІС САЛАСЫ – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨСІМ НҮКТЕСІ

Түркістан облысы – аграрлық әлеуеті жоғары, өзіндік өндірісін дамыту арқылы экономикалық тұрақтылыққа ұмтылған өңір. Соңғы жылдары облыста шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі – Сарыағаш ауданындағы «Сарыағаш құс» ЖШС. Дарбаза ауылдық округінде орналасқан бұл кәсіпорын – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтуға үлес қосып отырған өндіріс ошағы. Аудан әкімі Арман Абдуллаев серіктестік жұмысымен танысып, кәсіпорынның даму бағытын, өндірісті кеңейту және ауыл шаруашылығы саласында жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі бастамаларын жоғары бағалады. Қазіргі таңда кәсіпорында жұмыртқа өндіруге бағытталған 96 мың бас құс өсірілуде. Өнімдер Сарыағаш және облыс көлеміндегі сауда нүктелеріне жеткізіліп, жергілікті нарықты сапалы жұмыртқамен қамтамасыз етуде. Бұл – аймақтың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейін арттыратын маңызды фактор. 2025 жылы кәсіпорын өндіріс аясын кеңейтіп, қосымша 50 мың басқа арналған жаңа фабрика құрылысын жүргізді. Германиядан әкелінген заманауи жабдықтар өнім сапасын арттырып, өндіріс тиімділігін жаңа деңгейге көтеруде. Сонымен қатар, кәсіпорын «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, өз құрама жем цехын іске қосты. Бұл қадам құс шаруашылығының өзіндік құнын төмендетіп, өнім көлемін ұлғайтуға жол ашты. Сарыағаш ауданында тек агросала емес, өнеркәсіп өндірісі де дамып келеді. Аудан әкімі мен мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы индустриалды аймақтағы «Альбарака 077» ЖШС өсімдік майын өндіру цехының құрылыс барысын бақылады. Жалпы құны 800 млн теңгені құрайтын жоба іске қосылғаннан кейін 20 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Кәсіпорынға 3 гектар жер телімі бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жобалар – өңірдің экономикалық дербестігі мен инвестициялық тартымдылығын арттырудың нақты көрсеткіші. Түркістан облысы өндірістік және ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдалану арқылы өз ішкі қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, еңбек нарығын тұрақтандырып, жаңа экономикалық белестерге қадам басуда. Сарыағаштағы осындай жобалар – Түркістан облысының өзін-өзі экономикалық қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты істердің көрінісі.