Түркістан қаласында өткен “TITF-2025” халықаралық инвестициялық форумы Сайрам ауданы үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Форум аясында аудан мен Қытай Халық Республикасының инвесторлары стратегиялық маңызы бар екі меморандумға қол қойып, өңірдің өндірістік және инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты жобаларды іске қосу жоспарын бекітті.
Алғашқы келісім “KUZOV KARABULAK” және DAYUN AVTO CENTRAL ASIA LIMITED компаниялары арасында жасалды. Жоба ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер (прицептер) өндірісін ұйымдастыруға бағытталған. Бұл жаңа өндіріс алаңы Сайрам ауданындағы экономикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, жергілікті 500 адамға тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Жобаның жалпы құны – 2,5 млрд теңге, ал өндірістің іске қосылуы ауданның өндірістік әлеуетін айтарлықтай кеңейтеді.
Екінші меморандум “Qazaq Air Tecnology” ЖШС және Қытайдың “Huankun Industrial Investment Limited” компаниясы арасында бекітілді. Жоба заманауи технологиялар негізінде сапалы кірпіш өндіретін зауытты іске қосуды көздейді. Жобаның құны – 1 млрд теңге, ал құрылыс және құрал-жабдықтарды орнатудан кейін зауыт ай сайын 2,5 миллион дана кірпіш өндіруге мүмкіндік алады. Бұл өндіріс 30-дан астам жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді.
Сайрам ауданында қолға алынған бұл екі жоба тек экономикалық инвестицияны ғана емес, сонымен қатар өңірдің өндірістік инфрақұрылымын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және өндіріс көлемін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын құру және өндірістің тиімділігін арттыру арқылы ауданның экономикалық дамуының жаңа кезеңі басталады.
Аталған жобалар Түркістан облысының жалпы инвестициялық саясатына сәйкес, индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, шетелдік және қазақстандық инвесторларды тарту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы өңірдің тұрақты экономикалық өсуіне серпін беретін маңызды бастамалар қатарында.
Сайрам ауданының өндірістік және инвестициялық дамуы осындай жобалармен нығая түскен сайын, Түркістан облысы оңтүстік өңірдегі инвестиция салуға тартымды аймақ ретінде айқын көрініс тауып отыр. Бұл тәжірибе өңірдің басқа аудандары үшін де үлгі бола отырып, экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал ететін болады.
