Түркістан облысында 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарының жобасы пысықталуда. Бұл құжат өңірдің ұзақмерзімді даму стратегиясын айқындап, басым бағыттар мен инвестициялық әлеуетті нақтылауға бағытталған маңызды бағдарлама болып саналады.
Жаңа даму жоспары аясында инвестициялық жоспар әзірленіп, ол нысаналы индикаторлардың декомпозициясын нақтылайтын кешенді құжат ретінде қызмет атқарады. Инвестициялық жоспар өңірдің экономикалық даму қарқынын арттыруға, инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі іске асыруға және бизнес ортаны жақсартуға негізделген.
Жоспардың басты ерекшелігі – оның құрамында басым және проблемалық аймақтар картасы (SWOT-анализ) жасақталған. Бұл карта өңірдің экономикалық әлеуетін толық саралап, әр саладағы күшті және әлсіз тұстарды, сондай-ақ қауіптер мен мүмкіндіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай талдау тәсілі өңірдің даму бағыттарын нақтылауға және инвестициялық жобаларды тиімді жоспарлауға жол ашады.
SWOT-анализ қорытындысы бойынша аймақтардағы даму теңгерімін сақтау, инфрақұрылым мен инженерлік желілерді жетілдіру, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің жаңа жобаларын қолдау секілді басым бағыттар белгіленген. Нәтижесінде, әрбір өзекті мәселе инвестициялық жобалар есебінен шешілетін болады.
Мәжіліс барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков даму жоспарының стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
– Даму жоспары тек көрсеткіштер жиынтығы емес, ол өңірдің нақты болашағын қалыптастыратын бағдар. Инвестициялық жобалар арқылы инфрақұрылымды жетілдіріп, жаңа өндіріс орындарын ашу – басты мақсатымыз. Бұл халықтың өмір сапасын арттыруға және облыстың жалпы ішкі өнімін ұлғайтуға ықпал етеді, – деді ол.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек өз баяндамасында алдағы бес жылда жүзеге асырылатын басым жобалар мен жоспарланған нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, өңірдің даму стратегиясы экономикалық әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға, ауыл шаруашылығында қайта өңдеу саласын дамытуға басымдық береді.
Мұндай тәсіл Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, жұмыс орындарын көбейтуге, экономикалық белсенділікті жандандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоспар аясында аймақтық даму орталықтары мен кластерлік бастамаларды қолдау көзделіп отыр.
